Семейде балалардың жазғы демалысына 60 млн теңге бөлінеді  

Әлеуметтік осал топқа жататын бір жарым мыңнан астам бала Семейдегі үш лагерьде демалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған бюджеттен шамамен 60 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Қазір дайындық жұмыстары басталған. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты лагерьлердегі балалар саны 50%-тен аспауы керек. Сондай-ақ қалада жеті мыңнан астам адамды қамтитын мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істемек. Демалыста балалар түрлі шеберлік сабақтарына, конкурстар мен экскурсияларға қатыса алады. Жауаптылардың сөзінше, оқушылар жазғы демалысын пайдалы өткізбек.

Берік Тілебалдин, қаланың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері:

– Жасыл аймақта жазғы балалар демалу орындары толығымен жұмыс істеуге рұқсат берілсе, бірақ елу процентпен балаларды толтыру бойынша және басталар алдында міндетті түрде тәрбиешілер, мұғалімдер, сонда қызмет істейтіндер жұмысшы, қызметкерлер дәрігерлік қараудан өтуі керек. ПТР анализінің кейінгі 3 күн мөлшерінде теріс нәтиже деген қорытындысымен ғана оған жіберілетін болады.

Біржан Бұлабаев, қалалық Білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бұл лагерьлерде әлеуметтік аз қорғалған отбасылардың 1500 жуық баласы демалады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар аталған консепцияға сәйкес әрбір білім беру мекемесі осы балаларды жазғы уақытта сауықтыру және олардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру бойынша өздерінің жоспарларын құрған. Сол жоспарға сәйкес олар келесі аптадан бастап осы мектепішілік лагерьлердің жұмысын ұйымдасыруға дайындалып жатыр.