Бағыс ауылындағы жалғыз мектеп апаттық жағдайда тұр

Жақында Өзбекстаннан Түркістан облысына өткен Бағыс ауылындағы жалғыз мектептің жағдайы нашар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білім ошағы бірнеше ғимараттан тұрады. Алғашқыларының бірі осыдан 74 жыл бұрын салыныпты. Қабырғасы қақырап, іргесі сөгілген мектеп тұрғындардың көз алдында құрдымға кетіп барады. Ауылдағы 400 бала орынның жетіспеуінен төрт ауысымда оқиды. Жалпы, Түркістан облысында апаттық жағдайдағы 7 мектеп бар. Жергілікті білім басқармасы жаңа білім ошақтарын салып, күрделі мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін айтып отыр.

Ермек Сапарбаев, Ақжар ауылдық округінің әкімі:

– Жаңа 300 орындық мектеп құрылысын жүргізу үшін жер учаскесі бөлінді. Жалпы, 300 орындық мектептің құны 1 млрд 500 млн теңгедей болып тұр. Енді соның бастамасын бастау үшін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық бюджеттен 10 млн теңге қаражат бөлінді. Сол қаражатқа қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, мердігер анықталып, жұмыстары бастала береді биыл. Қалған қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.