Алматы облысында жолды күтіп ұстау міндетін дұрыс атқармағандарға айыппұл салынды

Алматы облысында жолды күтіп ұстау міндетін дұрыс атқармаған жүзден астам заңды және жеке тұлғаға 3 миллион 179 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл саладағы олқылықтарды анықтау үшін жыл басынан бері 800-ден астам тексеру жүргізілген. Жол бойындағы кемшіліктердің кесірінен өткен төрт айда 677 жол-көлік оқиғасы болып, 110 адам қаза тапты. Мыңнан астам жолаушы түрлі дене жарақатын алған. Алматы облыстық полиция департаменті Алматы – Өскемен бағытындағы дұрыс орнатылмаған жол белгілері мен қатты жамылғысы опырылып кеткен жерлерді бейнекамераға түсіріп, тиісті мекемелерге жіберді. Әрі өз міндетін мүлтіксіз орындау керек екенін қадап айтты. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктер тағы да қайталанса, жолды күтіп ұстауға жауапты мекеме басшыларына қатысты қатаң шаралар қабылданады.

Серікжан Абжанов, облыстық ПД ӘПБ бастығының міндетін атқарушы:

– Қазіргі таңда жол қозғалысы оқиғалары 29 процентке өсіп жатыр. Оның ішінде, өкінішке қарай, 27,9 проценті осы жол қозғалысында қаза тауып жатқан азаматтарымыз бар. Осы жиналыстардың нәтижесі болу керек деп ойлаймыз енді.