Шарын шатқалында селден зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Шарын шатқалында селден зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйғыр аудандының орталық ауруханасына 6 адам түскен. Барлығының миы шайқалып, түрлі жарақат алған. Зардап шеккендердің екеуі – 2009 және 2010 жылы туған балалар. Қазіргі уақытта 2009 жылы туған бала Алматы аймақтық балалар ауруханасына жеткізіліп, жансақтау және интенсивті терапия бөліміне жатқызылды. Жағдайы ауыр, тұрақты деп бағаланып отыр. 2010 жылғы қыз бала және 1976 жылы туған науқас Ұйғыр ауданының орталық ауруханасының хирургиялық бөлімшесіне жатыр. Ал 1991 жылғы науқас туыстарының талабы бойынша одан әрі тексеру үшін Алматы қаласына жеткізілді. Екі адам амбулаториялық ем алуға жіберілді.

Қуандық Ешимет, Алматы қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметінің өкілі:

– Оқиға орнында іздестіру жұмыстары нәтижесінде жоғалып кеткен тағы бір қыз табылды. Ол қазір ауруханаға жеткізілді. Балалар мен зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетілді. Бұл экскурсия демалыс кезінде ұйымдастырылғандықтан мектеп әкімшілігімен келісілмеген. Болған жайтты Білім беру басқармасы назарға алып, зерттеп жатыр. Қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендерге тез сауығып кетуін тілейміз.