Жаркент қаласында «Алаш» қайраткерлері қамалған көне абақты құлағалы тұр

Алматы облысының Жаркент қаласында «Алаш» қайраткерлері қамалған көне абақты құлағалы тұр. Өткен ғасырдың басында салынған түрменің қабырғасы түсіп жатыр. Аудан белсенділері «нысанды қалпына келтіріп, мұражайға айналдырса» дейді. 

Ел аузында «ескі абақты» деп аталатын бұл нысынды тарихшы Мұхаметқали Туғанбаев жақсы біледі. Өйткені өз заманының ауқаттысы болған оның аталары осы түрмеге қамалған екен.

Мұхаметқали Туғанбаев, тарихшы:

- Кейін ауылдастары 40 адам келіп, бұл Нұрғазы атамды ақтап алады да түрмеден босатады. Ал Сәрәпи атамды «Сібірге барғанша өліп қалады» деп түрмеден босатқан екен.

Тергеу абақтысы Жаркент уезі құрылған 1901 жылы салынды. Алғашқыда мұнда ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандар қамалған. Қысым көріп Қытайға қарай үдере көшкен елдің бас көтерер азаматтарының ісі де осы жерде тергеліпті. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының біразы Жаркентке жеткізіліп, тұтқын ретінде ұсталған.

Елдос Тоқтарбай, алаштанушы:

- Ол түрмеде Семейден Түркістанға қарай кетіп бара жатқанда біртуар тұлғамыз М.Тынышбаев отырған болатын. Ол түрмеде біздің игі жақсыларымыз бірі Омаров Әшім отырған болатын. Ол түрмеде Шамай Шынасылов деген Жетісу өңіріндегі білім ағарту мәселесін ұйымдастырған азамат екі ай жазасын өтеген болатын. Әубәкір Жайшыбайұлы, Тоқаш Бокин деген азаматтардың бәрі қамалған болатын.

Алаш ардақтылары абақтыда адам төзгісіз ауыр азаптауларды бастан кешірген. Ұлт қайраткерлерінің сағын сындыру әрекеттері арнайы дайындалған оқшаулау орындарында жүргізіліпті. Жаркент өңірі жайлы тарихи деректерді жинақтап кітап шығарған Молот Солтанаев түрмеде ату жазасы да орындалғанын анықтады.

Молот Солтанаев, тарихшы:

- Кукаркин деген орыс жазушысы Ленинградта тұратын. Соның Кучер деген повесін аударып шықтым. Кучер деген бұл Константин Устинович Черненко. Баяғы Брежнев қайтыс болғаннан кейін КПСС орталық комитеттің бас хатшысы болған. Сол осы жерде жендет ролін атқарған. Яғни ату жазасын орындаған.

Жендеттер өлім жазасына кесілгендерді жер асты тунелімен Өсек өзенінің бойына апарған деседі. Сол жерде оларды атып жарды құлату арқылы көмген.

Серік Жұмәділов, аудан тұрғыны:

- Кезінде осы жерден үлкен бассейн ашты. Сонда трактормен қазып жатқанда адамдардың сүйектері бірнеше жерден шықты. Кейін бұл бассейнді іске қосқанда 15-тен аса адам өмірден өтті. Кейін үлкен кісілер айты мына жерде болмайды. Мына жерде адамды атқан. Қаны бар. Қаншама адамды атқан. Кейін бассейнді тоқтатты. 

Көне ғимарат 1980 жылға дейін педагогикалық оқу орнының жатақханасы болды. Содан бергі 40 жылдан астам уақытта қараусыз қалғандықтан тоз тозы шыққан. Жергілікті тұрғындар тарихи нысанды қалпына келтіріп, Орынбордағы деректер негізінде мұражай ашу керек деп есептейді. 

Тоқтарбай Керімқұлов, аудан тұрғыны:

- Бұл адамға ой салу үшін қажет, жастарға ой салу үшін қажет. Бұнда азап бұнда кешегі күнде қазақтың көрген азабы, кешегі күнгі қазақтың басына түскен нәубет осы жерде жазылып тұр. 

Гауһар Омарова, аудан тұрғыны:

- Жаркентте мешіттер бар. Соған ғана барады елдер. Осы жерді де көрнекілік орны етілсе туристер келетін еді.

Толқын Көшербаева, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы:

- Қазіргі уақытта ешқандай мүмкіндік жоқ. Тіркеуге ала алмай жатырмыз. Өзіміздің әділет басқармасында иесіз объект ретінде тұр. Алматы облыстық мәдениет және архивтер басқармасына содан кейін тарихи мәдени мұра орталығына ұсыныстардың барлығы жолданды. Алдағы уақытта бұл ұсыныстар қолдау тауып жатқан кезде онда бұл мұражай ретінде пайдалануға берілетін болады. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- 120 жыл бұрын салынған бұл ғимарат мемлекет қорғауына алынбаған. Әрі оған тарихи мекеме ретінде статус берілмеген. Көне нысанның қазір төбесі опырылып түсе бастапты. Бірер жылда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмесе, қазақ тарихының қасіретті кезеңін айғақтайтын абақты бұзылып кетуі мүмкін.

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов