427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ғазымбек Бірімжанов жұмбағы

  • 107
  • UPD: 08:31, 31.05.2021

Халық жауы атанып, қырық бір жасында Сталиндік репрессияның құрбаны болғандардың бірі – Ғазымбек Бірімжанов, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тобыл-Торғай өлкесінің тумасы Германияда білім алып, Алаш қайраткерлерімен бірге халқының болашағы үшін күресті. Қазақ журналистикасында да өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Бірақ дара тұлғаның өмірі әлі де ақиқат пен аңызға толы.

Ғазымбек Бірімжанов туралы бұған дейінде әредік айтылып, жазылып келді. Бірақ түбегейлі зерттеу жүргізілмеді. Бары профессор Темірбек Қожакеевтің мақаласын қайталау еді. Сөйтіп бірлі-жарым зерттеушілер ғана оның ісі мен атына қанық болғанмен, Алаш ардақтысының аты тасада қалып келді. Ал көпшілік тек ағасы 1906-1907 жылдары мемлекеттік Дума мүшесі болған атақты Ахмет Бірімжановты ғана білетін. Дегенмен кіші Бірімжановты да кейінгі ұрпақ ұмытпаған екен. Анығы жас тарихшыларымыз зерттеп, алды кітап шығара бастады             

Данияр Ихсан, жас зерттеуші:

– Осы жылдың ақпан айында экспедиция ұйымдастырып, Алматыдағы орталық архивте болғанбыз. Ғазымбек 1922 жылы Берлинге оқуға аттанады. Т.Рысқұловтың ресми қолдауымен Түркістаннан мемлекеттік бағдарламамен Берлинге білім алуға аттанады. Ғазымбектің туысы Рүстем Бірімжанов, Лейлә, Зора Айтқожина сынды апайлардың арқасында Германиядағы туысы Сәуле Кирш арқылы Ғазымбектің дипломын және 1925 жылы жазған өмірбаянын тапқан болатын. Бұл құжаттар арқылы Ғазымбектің ғұмыр жолын нақтылап, арнайы деректермен турасын жазуға мүмкіндік алдық.

Ғазымбек Бірімжанов – Алашорда үкіметі құрылғанда ел ішіне шығып, әскер жиған қайраткер. Ол Алашорда атынан Колчак үкіметімен келіссөз жүргізуге қатысып, Алашорданың Башқұрт үкіметі жанындағы уәкілі қызметін атқарған. 1921-1922 жылдары «Ақжол» газетінде редактор қызметін атқарды. Мақалаларын «Шеген» деген бүркеншік атпен жариялап отырған. Германияда ауылшаруашылығы университетін бітірген. Тек 1928 жылы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлымен бірге бұл да тұтқындалды.

Данияр Ихсан, жас зерттеуші:

– Тағы бір дерек бойынша Ғазымбек үйге келе жатқан жерінен қуғынға ұшырады дейді. Бірақ олай емес. Ол 1928 жылдың соңында Алаш қайраткерлерімен бірге қуғынға ұшыраған. Одан кейін Мәскеудегі атақты Бутырка түрмесіне ауыстырылды. Шығарылған үкім күшін жойып, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, Медвежьегорск қаласында Ақтеңіз-Балтық каналын салуға қатысқан. 1938 жылдың наурызында ату жазасына кесілген.

Ғазымбек Бірімжановтің өмірбаянын жазушы Серікбай Оспанов та зерттеді. «Ақжол» газетінде, «Шолпан» журналындағы ұлттық рухты көтеретін мақалаларын оқысаң, оның Ыбырай, Абайдан үлгі-өнеге алғаны байқалады дейді қаламгер.   

Серікбай Оспанов, ҚР жазушылар одағының мүшесі:

– Ғазымбек туралы неше түрлі аңыз-әңгімелер де бар. Кезінде Қазима деген апасы болған. Сол Қазимаға хат келген дейді. 1938 жылы атылып кеткенмен, 40-50 жылдары Ғазымбектен «Мен тірімін. Мен өмірде бармын. Бірақ мені іздемеңдер» деген хат келген екен. Енді әбден қорқып қалған ғой. Сол хатты жойып жіберді, бар болса да.

Алаш ардақтысы тек 1988 жылы 4 қарашада ақталды. Ал биыл Ғазымбек Бірімжановтың туғанына 125 жыл. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы