426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Репрессия құрбаны Сейітбаттал Мұстафаұлы туралы не білеміз

  • 92
  • UPD: 11:16, 31.05.2021

Қазақ баласын білімге баулып жүріп халық жауы атанған арыстарымыздың бірі – Сейітбаттал Мұстафаұлы.

Аты көпке беймәлім. Бірақ ел үшін еткен еңбегі орасан. Имам әл Ғазалидің шығармалары мен өмір жолынан мысал келтіре отырып, оқу әдістемесін жасаған тұлға. Алайда көп шығармалары қолды болып, өзі ату жазасына кесілді. 

Сейітбаттал Мұстафаұлы Көкшетау өңірінде 1892 жылы туған. 16 жасында Ыстамбұлда білім алып, бірнеше тілді жетік меңгереді. Отанға оралған соң Семей өңіріне барып, ағартушылықпен айналысты. Мектепте сабақ бере жүріп, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытовтармен бірге Абай журналының негізін қалауға атсалысып, шығармалар жазды.

Заңғар Кәрімхан, алаштанушы:

– Осы журналдың 1918 жылғы төртінші санында "Қалай көндіру «керек» және жетінші санында «Архимедтің өнері» деген екі мақаласы жазылып, жарық көрген екен. Сондай-ақ сол кезде «Абайда» ғана емес, «Айқап» газеттерінде де Сейітбаттал Мұстафаұлының қоғамдық саяси көзқарасы тұрғысынан жазылған шағын мақалалары жарық көрді.

Тарихи деректерде Сейітбаттал Мұстафаұлының Түрік тілінен «Көк санджақ» деген ауқымды шығарманы аударғаны және білім беру жүйесіне қатысты бірқатар еңбек жазғаны айтылады. Айлайда мәтіні әлі күнге дейін табылмай келеді. Десе де, Алаш тарихын зерттеушілер оның қолда бар шығармаларын жинақтап кітап шығарды. Іздестіре жүріп, ұрпағын тапты. Енді тың деректерге қол жеткіземіз деген үміттері бар.

Қарлығаш Әубәкір, филология ғылымдарының phdдокторы, әдебиеттанушы-ғалым:

– бізде ҰҚК-ның архивінде көптеген дерек бар. Ол деректерге кез келген адам қол жеткізе алмайды. Оны тек қана сол адамның ұрпағы немесе туған туысы арыз жазып, соның негізінде ғана қарастырады. Егер ол кісі өзімнің ағайын туғанымды іздеймін, тарихын, өмірдерегін қайтадан бір қарап шыққым келеді деп өтініш жазатын болса, біз сол архивте жатқан деректерге қол жеткізе аламыз ба деген үміттің пайда болуы ең бірінші бұл үлкен қуаныш деп айтар едім.

Сейітбаттал Мұстафаұлы өмірінің соңғы кезеңінде Степняк қаласында ұстаздық қызмет атқарды. 1937 жылдың сәуірінде тұтқандалып, 13 қыркүйек күні атау жазасына кесілген. Оған Алаш партиясының үгітшісі, халық жауы деген айып тағылған.

Талғатбек Әбдіқожа, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы