Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты архивтегі құпия құжаттар тарихшылар үшін ашық

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелеріне жабық және арнайы архивтерде жұмыс істеуге рұқсат берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді Алаш үшін еңбек еткен арыстардың өмір тарихы, атқарған істері жүйелі зерттеліп, нәтижесі жарияланып отырады. Бұл туралы Қырымбек Көшербаев мәлімдеді. Мемлекеттік хатшы бүгін Алжир мемориалдық-мұражай кешешінде нәубеттен ажал құшқан бабалар рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл қойды. Сондай-ақ шет елдердегі архивтерге де сұрау салынған, тарыдай шашылған тарихты зерттеуге жете мән беріліп отырғанын айтты.

Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы:

– Бұл мемлкеттік комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарын, алапат қасірет ашаршылықтың құрбандарын бәрін толық ақтап, тарихи құжаттарға көзіміз жетіп, оны елге жария етпей, мемлекеттік комиссия өзінің жұмысын аяқтамайды. Қазіргі таңда мемлекеттік комиссияның құрамында екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы, 17 аймақтық комиссиялар толыққанды жұмысына кірісті. Еліміздегі маңдайалды тарихшылар мен сарапшылар бұл жұмысқа тартылды. Бұрын құпия деп, әсіресе ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Бас прокуратураның архивінде сақталған, ашылмай жатқан архивтердің бәрі қазір біздің тарихшылар мен сарапшыларға ашылып, тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.