Қостанай облысы Амангелді ауданындағы тарихи жерлерге баратын жолдар шұрық-тесік

Экотуризмнің дамуына инфрақұрылымның жоқтығы кедергі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызмет көрсету орындары да атымен жоқ. Яғни, түйіні тарқатылмаған түйткіл жетерлік. Мысалы, ерте заманның ескерткіші «Торғай геоглифтерін» насихаттап, инфрақұрылымын қаржыландыру мәселесі де өзекті.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Тылсым дүниеге толы Құмкешу аттас ауыл іргесіндегі тасжол бойында орналасқан. Аумағы шамамен 20 гектардай болады. Ал ұзындығы мен ені бір шақырымға созылып жатыр. Құмы Африканың керемет шөлдерінен, Араб Әмірліктерінің қызыл құмынан кем түспейтін туристер үшін таптырмас орын. Тарихшылардың айтуынша, бұл жерде ежелгі заманда теңіз болған. Осы құм – соның түбі деседі.

Бұл өлке тереңдей беретін тарихқа толы. Кезінде Амангелді отряды мен ақтардың арасындағы Құмкешу шайқасы осы арада өткен. Одан қалды, ауыл сыртында 22 әулие жерленген деседі. Тарихи жерді көпшілікке насихаттау жұмыстары былтыр қолға алынды. Жергілікті кәсіпкер мемлекеттік грантқа киіз үй тігіп, қымызхана ашты. Күніне 50 адам демалып кететін. Өкініштісі, туристерге арналған сервис осымен ғана шектелді.

Аслан Исмайлов, құмкешу ауылдық округінің әкімі:

– Былтыр этнотуризмнің өкілдері ұсыныс жасап келіп кетті. Қонақ үйлеріңіз болса, ауылдан бір үй дайындап берсеңіздер. Біз сіздерге адам әкелеміз деп. Осы жерден 14 шақырым жерде Әулиетұз деген жеріміз бар. Емдік қасиеті бар. Ол жерде 15-20 минуттай адамдар тұзға түседі. Шағыр құмдарда құмсағыз өседі. Табиғи сағыз. Кейде адамдар соған да қызығып келеді.

Жол мәселесі де оңып тұрған жоқ. Киелі жерлер мен демалыс орындарына жету қиын. Мысалы, Үштоғай кентінен 15 шақырымда орналасқан таңғажайып төрттағанға барар жол сын көтермейді. Облыстық трассадан ауылға бұрылатын алты шақырым жол шұрық-тесік. 

Қазыгелді Мырзағалиев, Үштоғай ауылының тұрғыны:

– Алты шақырымды біраз жүреміз. Жазда 20 минуттай кетеді. Жолдан көлік сына береді.

Туристік операторлардың жоқтығынан «Торғай геоглифтеріне» саяхатшылар өз күшімен жетеді. Жылына 600-700-дей адам таңғажайып бедерлерді тамашалайды екен.

Ерболат Жұмекенов, Амангелді ауданы кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Бір жылдары облыстық мәдениет басқармасынан жобалық-сметалық құжатқа 17,3 млн теңге сұрадық. Ондай қаражат бөліне қойған жоқ. Оның басына негізі мұнара қойылу керек еді. Ал қазіргі уақытта ол жерді халық өз еркімен барып-көреді. Астанадан, Ресейден келеді.

Туристерді кеңінен тарту мақсатында Амангелдіде «Туристік хабтың» құрылысы басталды. Жоба құны – 750 млн теңге. Қаражат сырттан тартылған. Мұнда қонақүй, музей, жазғы амфитеатр, бірнеше тамақтану орны болады. Жоспар бойынша нысан 2023 жылы қолданысқа беріледі.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров