Алаш арыстары бір-бірін сатқан деген бос әңгіме – Берік Әбдіғалиұлы

Алаш арыстары бір-бірін сатқан деген бос әңгіме. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін құрылған мемлекеттік комиссияның мүшесі Берік Әбдіғалиұлы осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлгіндей құжаттарға оларды мәжбүрлеп қол қойдырған болуы мүмкін. Қазір Президент пәрменімен құрылған комиссия осыған дейін құпия болып келген бірнеше құжатқа қол жеткізіпті. Алдағы уақытта да тың мәліметтер жинаймыз дейді.

Тасада қалған талай дүние жарық көргелі жатыр. Былтыр мемлекет басшысының пәрменімен құрылған комиссия қазір архивтерді ақтаруға кірісіп кеткен. Осыған дейін құпия болып келген талай құжатқа қол жеткізіпті. Енді оларды зерттеп, зерделеп жатыр. 

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

– Осы саяси қуғын-сүргін құрбандарын, алапат ашаршылық құрбандарын толық ақтап, тарихи құжаттарға көзіміз жетіп, оны елге жария етпей мемлекеттік комиссия өзінің жұмысын аяқтамайды. Қазіргі таңда мемлекеттік комиссияның құрамында екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы, 17 аймақты комиссия толыққанды жұмысына кірісті. 

Комиссия мүшелері елдегі мұрағаттарды ғана тінтіп қоймайды. Көрші елдерге де қолқа салады. Сыртқы істер министрлігі арылы іргедегі елдердің архивтеріне кіруге рұқсат алмақ. Осы күні елде алаш арыстары бір-бірін сатқан деген әңгіме оқтын-оқтын болса да айтылып қалады. Соны комиссия мүшесі Берік Әбдіғалиұлы жоққа шығарып отыр. Айтуынша, қазақтың қалың орманын аяусыз отаған одақтың оспадар орындаушылары оларды әбден қинап, құжаттарға қол қойғызып алған болуы мүмкін.

Тарихтың сыр сандығы ашылып, тың мәліметтер табылып жатса, оқу бағдарламасына да енеді. Кейінгі буын ақиқатты білуге құқылы өйткені. Мемлекеттік комиссия мүшелері шолақ белсенділерге қарсы шығып, қарсы соғысқаны үшін «бандит» атанып кеткен біраз адамды ақтап аламыз деп отыр. Бұл шаруаны жыл соңына дейін бітіріп тастаулары да бек мүмкін.

Авторлар: Дастан Сейілханұлы, Ерлан Наурызбаев, Ерзат Зайытхан