Теміржол бөлшектері енді Павлодар облысында шығарылады

Екібастұзда теміржол кластері қалыптасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорындар импортты алмастыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін елімізге тек шет мемлекеттерден келетін теміржол бөлшектері енді жергілікті жерде шығарылады. Бұл зауыттың экспорттық әлеуетін арттырады. Инновациялық кластер маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін халықаралық конференцияда таныстырылады. Жиын салалық өндірушілер мен тұтынушылардың басын қосады.

«Проммашкомплект» ЖШС-нің конструкторлары жоғары жылдамдықты теміржол көлігіне арналған дөңгелектердің түпнұсқасын жасап шықты. Зауытты модернизациядан өткізу арқылы кәсіпорын экспорттық әлеуетін арттырмақ.

Игорь Голтвенко, «Проммашкомплект» ЖШС бас директоры:

Дөңгелектердің барлық түрімен қатар, стандарттарына сай келетін өндірісті жолға қоямыз. Еуропа нарығына шығаратын сертификатты алуға дайындық жүріп жатыр.

Жылына түрлі үлгіде 200-300 мың дөңгелек шығару үшін «Проммашкомплект» зауыты өндірістік қуаттылықты арттырады. Теміржол кластері енді рельсті бекітуге арналған жиынтықтармен де толығады.

Владимир Береговой, «R.W.S. BINDING» ЖШС директоры:

Бұрын теміржолдардың жоғарғы құрылыстарына арналған элементтер Еуропадан, жақын шетелдерден алынатын. Шілде айында бұрандалы шегелер мен ұстатқыштарды шығара бастаймыз. Қазақстандық мазмұнда бес элемент жасалады.

Автоматтандырылған инновациялық технологиялар өнім сапасын жаңа әрі жоғары деңгейге көтереді. Теміржол кластері сондай-ақ локомотивке және соғылған бұйымдарға арналған доңғалақ құрсауларын дайындайды.

Сергей Павлингер, «Проммашкомплект» ЖШС дамыту жөніндегі директоры:

Кластерге теміржол, машина құру саласына өнім шығаратын топтар кіреді. Екібастұзда олардың саны 7 кәсіпорынға жетті.

Компанияның экспорттық әлеуеті 80 процентке жетті. Ал Екібастұздың машина құрушылары Қазақстандағы теміржол саласының сұранысын толық жабады.

Авторлар: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов