Оңтүстікте қуаңшылық басталды

Оңтүстікте шаруаларды қуаңшылық алаңдатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көктемде ауа райы қолайсыз болып, көк шықпай қалды. Апталап соққан ыстық жел жағдайды қиындата түскен. Салдарынан қазірдің өзінде қуаңшылық басталды. Сондықтан Түркістан облысының Келес ауданында жем-шөптен тапшылық болуы мүмкін.

Ауа райының қолайсыздығы салдарынан қырда құрғақшылық басталды. Мамыр айының соңы болса да мал тісіне ілінетін шөп жоқ. Мұндағы жұрт жаз мезгілінің қалай боларына алаңдаулы. Себебі қазірдің өзінде жем-шөп қымбаттай бастады.

Нұрсұлтан Серікбаев, Қалғансыр ауылының тұрғыны:

Басында жоңышқа 650-700 боп жатыр. Артуы бар, бензині бар 1000-нан болып жатыр.

Шөптің қымбаттап, мал өнімінің арзандауы тұрғындардың әл-ауқатына кері әсер етуде. Ал жергілікті билік бұл орайда жоспар құрмаған сияқты. Себебі қандай көмек боларын айта алмай отыр. 

Сейітжан Әзбергенов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

Қар аз болды өз деңгейінен, жерде ылғал болмағандықтан, шыққан шөптердің барі жойылып кетті. Егіншілік саласы бойынша бізде ешқандай қолдау шаралары көрсетілмеген мемлекеттік қолдау.

Мамандардың айтуынша, бұл жағдайда жем-шөп сатып алу үшін субсидия немесе жеңілдетілген несие қарастырылмаған. Ұққанымыз, ата кәсіппен мал бағып отырған шаруалар тығырықтан шығар жолды өздері іздейтін сияқты.