427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында былтыр ғана салынған жолдар жарамсыз болып қалды

  • 118
  • UPD: 20:44, 31.05.2021

Жамбыл облысында былтыр ғана салынған жолдар жарамсыз болып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Асфальт жабыны жылға жетпей ойылып жатыр. Қойгелді – Ерназар бағытындағы аудандық маңыздағы жолға бюджеттен 72 миллион теңге бөлінген. Қомақты қаржыға салынған жол неге сапасыз? Оны қалай қабылдап алған?

Бұл жол былтыр ғана жөндеуден өткен. Қазіргі күйі міне мынадай. Қолмен ұстасаң оп-оңай алынып жатыр. Ал төселген асфальттің түрі мынау. Бұған дейін болған ескі асфальттің қалыңдығы мен жаңасын салыстырып қараңыз. Жүрдім-бардым істелген тірліктің тағы бір көрінісі. Құрылысшылар жолдан шыққан қалдықтар мен асфальттің бөлшектерін жолдың шетіне қарай мынадай етіп, қалай болса-солай төгіп кеткен.

Құрылыстың сапасы мен бақылаудың қаншалықты жүргізілгендігін осыдан-ақ байқай беріңіз. Бұл экологиялық заңнамаға қайшы. Мердігер ең болмаса бетін топырақпен жауып кетсе де білінбей қалар еді-ау. Ал жол құрылысын қадағалап, қабылдап алғандар не бітірген?

Қойгелді – Ерназар бағытындағы жолдың ұзындығы – 11,4 шақырым. Бірнеше ауыл мен қала тұрғындары қатынайтын аудандық маңыздағы жол жарты ғасырға жуық уақыттан бері жөндеу көрмеген еді. Көптің тілеуімен былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасымен 72 миллион бөлініп 4,4 шақырымы жөнделген. Алайда жұрттың қуанышы ұзаққа созылмады.

Манас Аханов, Қойгелді ауылының тұрғыны:

– Көрдіңіз ба? Ойылып-ойылып кетті.

Жолды осылай жөндеген мердігер «Жандос и компания». Ал оған тапсырыс берген де, құрылыс барысын қадағалап, қабылдап алған да аудандық әкімдік. Бірақ жауапты тұлғалар «Сол сәтте жол дұрыс еді» деп енді жолдың бүлінуін ауа райынан көріп отыр.

Қайрат Серімов, Талас ауданы әкімінің орынбасары:

– Қыс мезгілінде көп жаууына байланысты, көктем мезгілінде жаңбыр, жауын-шашын көп болуы әсерінен, осы жолдың астынан өтетін су ағындыларының сыйымдылығы көтермеуі себебінен осы тасжолдың бетімен су көтеріліп ақты. Сол жауын-шашыннан кейін жүк көліктері осы жолмен жүрген болатын. Сол себепті мына жолдың ақаулары содан шыққан.

Ауа райы қатаң әрі ауыр жүк көліктері жиі жүретін болса, жол құрылысын жобалау кезінде ол мамандармен неге ескерілмеген? Бұл сұрақ жауапсыз қалды. Есесіне мерзімінен бұрын талқандалған жолдың жайын Ұлттық сапа орталығының қызметкерлері анықтап берді.

Қадыржан Мырзаев, Жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері:

– Жолдың жобалық құжаттамасы о баста шикі жасалған. Асфальттің қалыңдығы сәйкес болғанымен, астыңғы бөлігі, яғни негіздемесі әлсіз. Нашар. Оның үстіне ауыр жүк көліктерінің жиі жүретіні көрініп тұр. Оны тоқтатпаса, жолдан-жол қалмайды. Қазірдің өзінде 200-300 метр бөлігі бүлінген. Одан бөлек арнайы асфальт бөлшектерін алдық. Құрамын зертханада тексереміз.

Енді жүгенсіз жүрген жүк көліктерді «Жамбыл адалдық алаңы» қызметкерлері қолға алмақ. Қоғам өкілдерімен жыл бойы арнайы мониторинг жасалады.

Әділет Бақытов, «Жамбыл адалдық алаңы» кеңсесінің менеджері:

– Жолдан үлкен жүк көліктері өтетіні анықталып отыр. Осы бойынша біздің кеңсе құзіретті органдарға ұсыныс хат жіберіп дәл осы жолда рейдтік шаралар өткізуге біз дайынбыз.

Ал келісімшартқа сәйкес ойдым-ойдым жолды мердігер қайта қалыпқа келтіруі тиіс. Оған екі жылдық кепілдік мерзімі бар көрінеді. Алайда 72 миллион теңгеге жөнделіп, бір жыл болмай тозып кеткен жолға жіті тексеріс жүргізіле ме? Әлде кепілдік мерзімі біткенге дейін мердігер жамап-жасқап уақыт өткізе ме? Ал осы жолмен күнделікті жүретін халықтың жағдайы не болмақ?

Авторлар: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы