«Көкшетау минералды сулары» кәсіпорнына 30 жыл толды

Елімізде «Тuran» және «Burabay qulager» сауда маркаларымен танымал «Көкшетау минералды сулары» кәсіпорнына биыл 30 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан тәуелсіздігімен құрдас зауыт қазір өндірістік қуатын еселеп, әлемге де танылып үлгерді. Бүгінге дейін онда 1 жарым млрд литр минералды су өндірілген.

Мұндай атаулы күндерді бұрын мәдениет сарайында атап өтетін ұжым, пандемияға байланысты 30 жылдық мерекені кәсіпорын аумағында тойлады. Дегенмен, компания басшылығы, жылдағы дәстүрден жаңылмай, еңбегімен көзге түскен ең үздік жұмысшыларды марапаттады. Айта кету керек, мұнда қызметкерлерге түрлі әлеуметтік жағдай жасалған.

Светлана Попова, алкоголь цехының қызметкері:

– Бізді жұмысқа арнайы автобус тегін алып келіп, тегін алып кетеді. Тамағымыз да тегін. Сондай-ақ қызметкер үйленсе және осындағы жұмыскер әйелдер сәбилі болса, бір реттік төлемақы беріледі. Ал зауытта 7 жылдан астам уақыт жұмыс істейтін қызметкерлердің балаларына жоғары оқу орындарында білім алуы үшін ақша бөлінеді.

Зауытта қазір 300 адам еңбек етеді. Олардың барлығы дерлік жергілікті тұрғындар. Мерекедегі тағы бір игі дәстүр – зауыт аумағына ағаш егу. Соның нәтижесінде қазір кәсіпорын ауласы шағын саябаққа айналды. Жалпы, өндіріс ошағы көгалдандыру ісі мен қоршаған ортаға зиян тигізбеуге аса қатты мән береді. Өнімнің табиғи таза болуы да басты назарда. Ал бұл «ЭКО» Халықаралық кәсіпорындар қауымдастығының сертификатымен расталған.

Станислав Максимец, зауыт директоры:

Өткен жылы компания жергілікті бюджетке 5,7 млрд теңге салық төледі. Ал биыл 6 млрд теңгеден астам акциз төлемін құю жоспарда бар. Бұл қаражаттың барлығы қаланың дамуына қосып жатқан үлесіміз.

Кәсіпорында өндіріс толықтай автоматтандырылған. Соның нәтижесінде алкогольді цехтың қуаты 2 есе, минералды және басқа да сусындар өндіру 6 есе өсті. Осылайша, зауытта қазір сағатына 70 мың бөтелке су өндіріледі. Табиғи таза өнім елімізбен қатар Ресейдің Самара, Омбы және Мәскеу қалаларына жіберіліп жатыр. Ал ең бастысы – біз сапаға жұмыс істейміз, дейді мұндағылар.

Авторлар: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Сондай-ақ...