Қазақтың бауырында тәрбиеленген неміс баласы

Қазақстан саяси қуғын-сүргін жылдары 5 миллион адамға пана болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның бірі – Көкпекті ауданының тұрғыны Андрей Эленбергтың әкесі. Жалғыз қалған неміс баласын қазақ отбасы асырап алып, бағып-қаққан.

Андрей Эленберг 1941 жылы отбасымен бірге Ресейден күштеп қоныс аударылған. Алайда туғандары жолда жан тапсырып, немістің баласы жетім қалды. Қазақ ауылында үй-үйді аралап, жаны ашыған жандардың берген тары-талқанымен күн көріп жүрген жерінен оны Қайшеке Ибраимқызы бауырына басып, асырап алған.

Ғалия Мұқажанова, Андрейдің әпкесі:

– Қайшеке апа Андрейді туған баласындай тәрбиелеп, ұлы Құсманмен телдей өсіреді. Ал Андрейдің баласы Андрей өзің қазақпын деп мақтан тұтып, ұлттық салт-дәстүрді ұстанады. Бүгінде ол ағайын, бауырларымен жақын қарым-қатынаста. Үлкен отбасы дастархан басында жиналып, әжелерін еске алады. Өзі жесір қалған болса да, өзгенің жетімін жылатпаған Қайшеке апаның ерлігін ешқашан ұмытпаймын, дейді Андрей.

Бахытқазы Мұқажанов, Андрейдің ағасы:

– Андрей Эленберг Миролюбовка ауылында қазақ халқының дәстүрі бойынша жерленген. Оның ұлы да бүгінде осында тұрады.

Андрей Эленберг, репрессия құрбанының ұлы:

– Туыстарымыз Германияға көшіп жатқан кезде әкем көшуден бас тартты. Осында тудым деді. Мен де көшпедім. Себебі Қазақстан менің отаным.

Қазақстан саяси қуғын-сүргін жылдары көптеген халықтың отаны болды. Бүгін өңір тұрғындары сол қиын кезеңнің құрбандарын еске алды. Оның ішінде белгілі қазақ қайраткерлері, алашордалықтар да бар. Оларға Өскемен өнер мұражайында арнайы көрме ашылды.

Авторлар: Әнел Еділқызы, Әнел Есенбердина

Сондай-ақ...