Елорда іргесіндегі ауылда белі қатпаған балалар су тасуға мәжбүр

Елорда іргесіндегі Қоянды ауылында су мәселесі әлі күнге дейін шешілмей отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауылдың 12-шағын ауданында 150-ге жуық үй бар. Ойын баласынан бастап еңкейген кәріге дейін суды 3 шақырым жерден тасиды. Қызығы сол, су кернеуіш мұнара жергілікті әкімдік жанында орналасса да, түйткілдің шешілер түрі жоқ. Темір тұлпары барлар қиналмауы мүмкін дерсіз, ал көлігі жоқтар қайтпек?

9 жасар Алдияр аптасына 3-4 мәрте қашықтан су тасиды. 20-30 литрлік құтыларды көтеріп-сүйреу қиынға соққанда, көмекке анасы келеді.  

Құдық қазайын десе, жерасты суында тұз шамадан тыс көп. Тіршілік нәрінен тарыққандар су азабын 10 жылдан астам уақыт бойы тартып келеміз дейді.

Гүлжамал Қамзақызы, Қоянды ауылының тұрғыны:

– «Маңайыңа бақша ек, сиырыңды сау, солай күн көріңдер. Көмекке ауыздарыңды аша бермеңдер» дейді. Ал біз өзіміз тіршілік қылып, көкөнісімізді егейік десек, тіпті көкөніс түгілі, шайға су жоқ.

Балалары мен немерелері жұмыста болғанда сексеннің сеңгіріне шыққан қариялар да су тасуға мәжбүр.

Дәкей Қабдірашев, Қоянды ауылының тұрғыны:

– Қазақстан егеменді ел болғалы 30 жыл болды. 30 елдің қатарына қосылдық деп жатыр. Сонда астананың тамағының астында тұрған қарапайым халық мұң-мұқтажда тіршілік етіп жатыр. Мынау тіпті сырт көзге өте ұят. Балаларымыз жұмыста, 80-ге таяған қария су тасимын қыстай.

Жергілікті әкімдік тарапынан айтылған барлық басу – құрғақ уәде дейді ашынғандар.

Ырысты Әбілқадырова, Қоянды ауылының тұрғыны:

– Бір әкім келіп, 2019 жылы болады деді. Енді 2022 жылы болады дейді. Әкім ауысқан сайын «болады» деумен бізді сумен қамтамасыз ете алмай жатыр.

Ауыл белсендісі Айнагүл Хамитованың айтуынша, қордаланған проблема тағы 10 жылға созылуы мүмкін.

Айнагүл Хамитова, Қоянды ауылының тұрғыны:

– Соңғы кезде бұлардың заңсыз салған деген сөздері шығып жатыр екен. Олай емес. Міне барлық акті бар. Былтырдан бастап жазған хаттарымыз міне, 4-5 хат. Аудан әкімінің орынбасары Жанабіловтің берген жауабы бойынша, су резерві жетпейді. Ол кісінің сөзіне қарағанда 2020 жылдан 2030 жылға дейін екінші кезең. Сонда ауыл тағы 10 жыл сусыз отыра ма?

Осы сұрақты Қоянды аулының әкімі Айбек Есеевке қойдық.

Айбек Есеев, Қоянды ауылдық округінің әкімі:

– 2020 жылдың қараша айында зерттеу жұмыстарын қорытындысы шығып, судың қоры белгіленді. Ағымдағы жылда жобалау жұмысының сараптамадан бекітіліп шыққан жағдайда келесі жылы құрылыс жұмыстарына конкурс жүргізіліп, мердігер компания жұмыс жасаған жағдайда 2023 жылдары су келеді.

Мәселені уақытша шешу үшін биыл 12 шағын ауданында су тазартатын блок-модуль орнатылады. Айта кеткен жөн, 4 маусымда ауыл тұрғындары Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевпен бейнекөпір арқылы байланысқа шығып, көкейдегі сауалдарын қою мүмкіндігін алып отыр.

Мирлан Алтынбек, Ербол Даиров