426,83 518.00 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО: Белағаш ауылының тұрғындары су бағасының шарықтағанына шағымданды

  • 140
  • UPD: 19:53, 01.06.2021

Судың бағасы бірден 21 есеге қымбаттап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы біздің редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданына қарасты Белағаш ауылының тұрғындары хабарлады. Бұрын текше метріне 30 теңгеден төлеп келген халық көктемнен бері тарифтің 644 теңгеге шарықтағанын айтады. Қазір жұрт бау бақша егіп, мал ұстаудан қалды. Өйткені облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес субсидия тек ауызсуға төленеді, ал нормадан артық шығындар қымбат бағамен есептеледі.

Белағаш ауылының тұрғыны Наталья Ривенің бақшасы қурап барады. Өйткені ол осылай суды үнемдеп жұмсауға мәжбүр. Былтыр күзден бері тіршілік нәрі бір адамға тәулігіне 80 литр деп бекітілген, шектеулі нормадан артық судың текше метрі үшін енді ол 644 теңге төлеуге мәжбүр.

Наталья Риве, зейнеткер:

- Бұрын әр үйдің ауласында гүлдер жайнап, бау-бақша өсіп тұратын. Қазір оның бірі жоқ, қурап жатыр. Тіпті жұрт бақша салудан қорқатын болды. Судың бағасы бірнеше есеге өсіп кетті. Бұл сұмдық қой! Күллі Қазақстанда мұндай баға жоқ шығар, текше метрі 644 теңге дегенді қайдан алып отыр?

Осыдан 2 жыл бұрын мемлекеттен грант ұтып алып, оған сиыр мен қой сатып алған көпбалалы ана Оксана да малын сатуға мәжбүр. Өйткені баға шарықтағалы кәсібі шатқаяқтап тұр. Бақша да салудан қалдық дейді тұрғын.

Оксана Бекішева, көпбалалы ана:

– Қазір мал ұстау мүмкін болмай қалды. Онда грантты не үшін берді деген сұрақ туады. Біздің отбасымызға өлшеп берілген су көлемі 14 текшеметр ғана, ал бізге одан 3-4 есе көп керек. Ал артығын мен 640 теңгеден төлеуім керек екен. Оған ақшаны қайдан аламын? Балалардың жәрдемақысын соған жұмсасам, қалай өмір сүреміз сонда? Мұндай жағдай Қазақстан бойынша біздің облыста ғана, нағыз бассыздық қой бұл.

Тұрғындар бақша мен мал суғаруға құдық қазып алайын десе, жер астынан су да шықпайды.

Алпыс Дүйсембаев, Белағаш ауылының тұрғыны:

- Мына жерде құдық жоқ. Бұл жерден ежелден су шықпайды. Бұрын үлкендердің айтысына қарағанда мына темір жолмен суды Семейден тасыған.

Айтмұхамет Түймебаев, Белағаш ауылының тұрғыны:

– Міне, көріп тұрсыздар, қанша халық шулап жатыр. Бір тауық бір шелек су ішеді, сонда бәрін санаса не болды. Біз қияр, қызанақ та сала алмаймыз. Бұрын 30 теңге төлейтінбіз. Қазір 600 теңге төлеу керек дейді, міне артығымен кубометр, сұмдық қой. Қалай көтерілді, 100 емес, 200 емес.

Өткен ғасырдың сонау 70 жылдары салынған су жүйесі 2013 жылдан бері «Қазсушар» республикалық мекемесіне қарайды. Тіршілік нәрі 133 шақырымға созылатын құбырмен 18 ауылдың 11 мыңға жуық халқына жеткізіледі екен. 

Эрик Абдрашитов, «Қазсушар» РМК учаске басшысы:

– Бұрын жұртқа тіршілік көзі жететін. Дегенмен жыл сайын су пайдалану көлемі артып келеді. Алайда тұтыну нормасын біз жасамаймыз, оны облыстық әкімдік қаулымен бекітеді. Осы көрсеткішті ұлғайтар болса, мәселе оң шешілер еді. Субсидия тек ішетін суға бөлінеді, ал бақша мен мал суғаруға ондай қаржы қарастырылмаған.

Ал аудандағы атқамінерлер бұл мәселенің жақында қайта қаралып, оң шешілетінін айтады.

Ахмет Байжұманов, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары:

– Бұл сұрақты шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Маусым айынан бастап бір адамға шаққандағы шекті су көлемін тәулігіне 80 литрден 120 литрге көбейтуді жоспарлап отырмыз. Мәселе әкімдік тарапынан қатаң бақылауда.

Мыңға жуық тұрғыны бар Белағаш ауылында шешілмеген өзге де мәселелер бар. Семейге апаратын жолдың сапасыздығы мен жайылым тапшылығы халықты қинап отыр. Бұл түйткілдердің түйіні де алдағы жылдары тарқайды деп сендірді жергілікті атқарушы билік өкілдері.

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы