Балаларды қалай қорғаймыз?

Жыл басынан бері республика көлемінде екі жүздей өрен жол-көлік апатынан көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүзден аса бала терезеден құлап, 18-і қайтыс болды. Кәмелетке толмаған жеткіншектерге жыныстық қысым көрсетудің 825 дерегі тіркелген. Сонымен қатар жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы да – ел-жұртты елеңдеткен қауіптің бірі. Биылғы 5 айда Қызылорда облысында 4 бала суицид жасаған. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш 449-ға жетті.

Қызылордалық құқық қорғаушылар биіктен секіруге бекінген өрімдей қызды аман алып қалды. Мұндай қадамға неліктен барғанын сұраған психологтарға жасөспірім өзімді отбасыма керексіз сезіндім деп жауап қатыпты. Жалпы әлеуметтік педагогтардың айтуынша, соңғы жылдары өңірде тіркелген балалар суицидінің 51% отбасылық жанжалдар себеп болған.     

Жұмагүл Баянова, педагог-психолог:

– Анасы астанада жұмыс істейді, ал қызы осы жақта студент. Анаммен сөйлесіп едім: «мен бар ақшамды саған салып жібердім, астанада күн суық, аяғым қатты тоңды» деген. Міне, осыдан кейін қыз ойлаған: «өмірде мен болмасам, анам маған салған ақшасына аяқ киім алып киер еді» деп. Осындай түйткілдерді шешу үшін 2019 жылы облыс бойынша барлық ата-ананы оқытудан өткіздік. 

Шолпан Жүнісова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Ата-аналардың арасында психологқа жүгіну ұят нәрсе сияқты қабылдайды. Күйзеліске түскен адамдар ғана емес, жалпы кез келген жағдайда психологтың көмегіне жүгіну әр азаматтың қалыптасқан жағдайы болу керек деп ойлаймын.

Иә, ата-ана баласының мінез-құлқындағы өзгерістерге көбіне мән бермейді. Облыс мектептеріндегі 481 педагог-психолог оқушылардан алған сауалнама қорытындысына да зер салып қарамайды. Қатарластарымен қарым-қатынасы ушыққан жасөспірімдер қауіпті топқа жатқызылады. Сонымен қатар дене-бітіміндегі кемшілік салдарынан өзін қоғамда жайсыз сезінген балалар да қайғылы қадамдарға барады екен. 

Нұржамал Раханова, әлеуметтік педагог:

– Сауалнама арқылы көптеген қиындық көріп жүрген балаларды анықтадық. Шынайы сауалнаманы толтыру барысында көмекті қажет еткен бала оны міндетті түрде көрсетеді. Әлеуметтік педагог, педагог-психолог, сынып жетекші, ата-ана, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бірлесіп жоспар бойынша жұмыс жасап жатыр.   

Балалар суициді бойынша 2012 жылға дейін республикада алдыңғы кезекте тұратын Қызылорда облысында ЮНИСЕФ-пен бірлескен бағдарлама қолға алынды. 4 компонентті жоспардың жүйелі жүзеге асуының арқасында жыл сайынғы статистика төмендеп келеді.

Ғалымжан Нағметов, ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы:

– Кәмелетке толмағандар арасында өзін-өзі өлтіруге жеткізу деректері 2017 жылдың 12-айында 5 дерегі тіркелсе, 2018 жылы 12, 2019 жылы 6, 2020 жылы 7 іс тіркелді. Аталған деректер бойынша ҚПК 35-бабы 1-бөлімі 2-тармағымен яғни іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты өндірісте тоқтатылған. 

Қит етсе шыбықпен сабап, жекіріп, балағаттау жас өскін психикасына ауыр соққы. Ол өздігімен оған төтеп бере алмайды. Сондықтан баланы үнемі мақтап, мадақтау қажет. Отбасының жылуын сезінген жасөспірім өзін қоғамға керек санап, толық тұлға ретінде сезінеді. Сол себепті сала мамандары ата-аналарды баланың бетінен қақпай, белін бу деген тәмсілді берік ұстануға шақырады. Әйтпесе үміт күткен ұл мен қыздан көз жазып қала береміз.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев