Маңғыстауда тұрғындарға вакцина салдырғаны туралы анықтама беріле бастады

Құжатта жеке басты куәландыратын нөмір, процедура түрі, препарат атауы мен екпе алған күн жазылады.

Анықтамада QR-код бар. Бұл қоғамдық орынға келушінің ковид-мәртебесін «Ashyq» қосымшасымен анықтауға мүмкіндік береді. 1 күннің ішінде Маңғыстау бойынша 300-ге жуық тұрғын анықтама алған.

Құдайкелді Байжұманов, қала тұрғыны:

– Вакцинаны алғаныма 21 күн болды. Екіншісін алуға келдім. Анықтама беріп жатқанын естідім, мен шекарадан өтуім керек. Соған қажет боп тұр. Телефоннан көрсем болады, бірақ үлкен адам болғаннан кейін түсіне бермеймін. Сол үшін алып отырмын.

Самал Еламанқызы, эпидемиолог:

– Анықтаманы көрсету арқылы қоғамдық орындарға кіре алады, бұл анықтаманы бүгіннен бастап беріп жатырмыз, 40 адам алды. Ашық қосымшасымен жүретіндіктен, оңай әдіс. Анықтаманы алушылардың көбі – үлкен жастағы кісілер.