426,61 518.00 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы іргесіндегі Абай ауылында көше сатылып кеткен

  • 218
  • UPD: 20:01, 01.06.2021

Салдарынан алты отбасы өздерін қоршауда қалғандай сезінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір олар тұрып жатқан Әзірбаев көшесіне коммуналдық қызмет көліктері де, жедел жәрдем де кіре алмайды. Себебі кіре берістегі жер телімі сатылып кеткен.

Тұрғындар бұл жер телімін 2009 жылы сатып алған. Үй тұрғызып, құжаттарын да заңдастырған. Әзірбаев көшесінің бір басы Ақсай өзеніне тіреледі. Сондықтан тұрғындар 12 жыл бойы көшенің екінші басынан қатынап жүрген. Алайда 3 күн бұрын жолдың кіреберісіндегі жердің иесі табылып, өз меншігін қоршап алған. Осылайша жол жабылып, алты үйдің тұрғындары емін еркін кіріп-шығудан қалды.  

Берікжан Құлжанов, Абай ауылының тұрғыны:

– Екі күн бұрын көршіміз Бақытжан деген азамат қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақырдық. Ол кісілер біздің көшеге кіре алмады. Біз адамгершілікпен сұрап, ол кісілерді қолымызбен кіргізіп, қақпадан секіріп ем домын жасап кетті.

Мына 26 сотық жерді иесі 2006 жылы сатып алған. Алайда содан бері жер мақсаты бойынша пайдаланылмай, бос жатқан. Өндіріс салу жоспарланған аймақтың қоршауы Ақсай өзеніне барып тіреледі. Су қорғау аймағын сақтау ережесіне сәйкес, кез келген ғимарат өзен жағасынан ең аз дегенде 16 метр қашық болуы тиіс. Меншік иесі мұны ескермеген. Тіпті, жолды жауып тастаған. 

Марат Тілеулесов, Абай ауылының тұрғыны:

– Кіріп жүрген жолымызды Мұстафаев деген азамат түгел жауып тастады. Көлік түгілі, қазір адам кіріп шыға алмайды. Көшенің бәрі толған қоқыс. Қоқыс жинайтын көлік көшеге кіре алмайды. Құдай сақтасын, өрт болса не істемекпіз?

Мәселені мәмілемен шешу үшін тұрғындар Райымбек ауылдық округінің әкіміне бірнеше рет барған. Бірақ нәтижесіз. Бар айтатындары, жерді біз сатқан жоқпыз дейді әкімдік өкілдері. Заңды құжаты бар меншік иесінің алдында шенеуніктер де дәрменсіз.  

Еламан Өмірбаев, Райымбек ауылдық округы әкімінің орынбасары:

– Сотқа беріңіздер дедім. Сот арқылы шешу керек, өйткені сіздердің жерлеріңіз заңды, ол кісінің де жері заңды. Басқа жол жоқ. Ол кісілерге біз айттық, жол қалдырып сатып алатындай мүмкіндік бар ма деп, олар қоршаймыз деді.

Иә, сотқа жүгінгеннен басқа шара жоқ. Оның өзі тұрғындар пайдасына шешіле ме, жоқ па ол да беймәлім. Ал қоршауда қалған абайлықтар көшесіз ауыл бола ма деп аң таң. 

Мадияр Әлжаппар, заңгер:

– Сервитут орнату деген бар, Жер кодексіне сәйкес, бірақ ол сот арқылы жүзеге асады. Қазір сіз сотқа арызданасыз, оны бір ай өндірісіне қабылдайды, бір ай қарайды, осы жердің тұрғындарының үлесіне шешілген күннің өзінде ол тағы да 30 күн күшіне енеді. Егер мына жердің иесі Жоғарғы сотқа шағымданбаса. Жоғарғы сотқа шағымданса, тағы екі ай болады. Сонда мына жердің мәселесін сот арқылы шешуідің өзі жарты жылға барады. Сонда мына адамдар не істеу керек?

Жергілікті билік бізді адам шығыны болса ғана тыңдай ма дейді ашынған тұрғындар. Себебі олар қазір Ақсай өзенін жағалап үйлеріне қатынауға мәжбүр. Ал өзен жағасы қауіпті екені бесенеден белгілі.

Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы