Петропавлда саяжай иелері жолаушылар тасымалына наразы

Жұрттың айтуынша, биыл автобустар өте сирек жүретін болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демалыс күндері тіпті көрінбейді. Сондықтан тұрғындар маусымның қызған шағында жаяу жүруге мәжбүр.

Биыл Анатолий Стагнеевтің саяжайға жететін жолы қиындап кеткен. Зейнеткер орталықтан Заречный кентіне дейін 26 бағыттағы автобуспен жетіп қалады. Әрі қарай жаяу.

Анатолий Стагнеев, қала тұрғыны:

– Екінші бағыттағы автобусты бір, бір жарым, кейде екі сағаттап күтетін кезіміз болады. Сондықтан 26-ға мінеміз. Бірақ әрі қарай екі шақырымдай жаяу жүру керек.

Заречный кентінде 1 мыңға жуық саяжай бар. Кейбір адамдар жаз бойы осында тұрады. Оларға бір-ақ автобус бағыты қызмет көрсетеді. Оның өзі саусақпен санарлық. 

Шолпан Иіскенеева, қала тұрғыны:

– Екі автобус күніне жүреді дейді, соның өзінде 1,5 сағат отырамыз. Мен өзім бір күні бардым, сенбі-жексенбі мүлдем жүрмейді деп айтуға болады. Бұл не деген сұмдық? Бір жарым сағат отырдым. Жете алмай, такси шақыруға тура келді. Таксидің өзі де келе қоймайды қазір. Солай жұмысқа барамыз.

Бүгін жолға 4 автобус шыққан. Адамдардың айтуынша, біреуі бір айналып келгенше, екі сағат өтеді. Тасымалдаушылар бұл мәселені жүргізушілердің жоқтығымен байланыстырады. Сондықтан әкімдік қызметкерлері олармен келісімшартты бұзып, басқаларын жалдаймыз деп отыр.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қазіргі кезде біз мердігерлермен тиісті жұмыстар жүргіздік. Оларға тиісті хаттамаларды жібердік. Сондай-ақ қазіргі таңда біз оның орнын басатын басқа мердігерді іздестірудеміз. Табылған жағдайда, қазіргі таңда қатынап жатқан мердігерлермен келісімшарт бұзылатын болады.

Таба ма, жоқ па тағы да белгісіз. Өйткені, тасымалдаушылар үшін бұл бағыт қалағандай пайда түсірмейтін көрінеді. Олар лық толып жүргілері келеді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов