Бурабайдағы «Балдәурен» орталығы жазғы тынығу маусымын ашты

Биыл бұл лагерьде өткен жылғыдай географиялық шектеулер болмайды дейді мекеме басшылығы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемия басталғалы Ақмола облысының оқушыларын аз құрамда қабылдаған демалыс орны осы жазда еліміздің барлық аймақтары үшін қолжетімді болмақ. Жоспар бойынша қазақстандық 1700 бала жазғы демалысын осында өткізеді. Көптен күткен бұл қуанышқа Білім және ғылым министрлігінің өкілдері де ортақтасып, оқушыларды халықаралық Балаларды қорғау күнімен құттықтады.

Майра Мелдебекова, ҚР Білім және ғылым министрлігі комитетінің төрайымы:

– Биылғы оқу жылы оңай болған жоқ. Білеміз, біраз шаршадыңыздар. Әсіресе, Ақмола облысы «қызыл аймақта» болды. Сабақ барысында да біршама мәселелер бар екенін білеміз. Қашықтықтан оқытудағы түсінбей қалған тақырыптарыңды қазір жазғы лагерьде, жазғы мектепте сонымен қатар алдағы оқу жылында да біз әлі біраз жұмыстар жасаймыз.