ШҚО-да құрылысы аяқталмаған автомагистраль бүліне бастаған

Алматы - Өскемен бағытындағы тас жол келесі жылдың ортасына дейін салынып бітеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал биыл жыл соңында Шығыс Қазақстан облысына қарасты бөлігінде көлік қозғалысына рұқсат беріледі. Бірақ құрылысы аяқталмаған автомагистраль бүліне бастаған. Оған ауыр жүк көліктерінің тауар тасымалдауы себеп дейді сала мамандары.  

Алматы - Өскемен тас жолының ШҚО-ға қарасты 454 шақырымын жөндеу үшін 155 млрд теңге қарастырылған. 4 жылдан бері жалғасып келе жатқан құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ. Сол кезде көлік қатынасы жақсарып, жолаушылардың уақыты үнемделеді. Бірақ көптен күткен тақтайдай тегіс тас жол бітпей жатып бүліне бастаған.

Айдос Қабылбаев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» ШҚО филиалының инженері:

– Ауыр жүк көліктерінің жүруі жолдың бұзылуына үлкен әсерін тигізеді. Мысалы, жолдың жабуының отырып кетуі, көлік ізінен пайда болған шұңқырлар.

Соңғы қабат салынбағандықтан, оның жүктемесі 8 тонна ғана болып тұр. Бітпегендіктен, оның әлі толыққанды беріктігі қалыптасқан жоқ, жобалық көрсеткішке жеткен жоқ. Сол себепті жол бұзылуына ауыр жүк көліктері әсерін тигезеді.

Жүк көліктеріне мердігер мекеме өкілдері де шағымданып отыр. Олар тас жолды биіктетіп қана қоймай, қосымша жөндеу жұмыстарын да жүргізуге мәжбүр дейді Қазавтожол өкілдері.

Асылбек Нұғыманов, «Қазавтожол» ұлттық компаниясының облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Жол жүру жайлы әрі қауіпсіз болу үшін асфальттың үстіңгі қабатымен жүруге рұқсат берілген болатын. Және ішінара төменгі қабатымен көлік қатынасы ашылды. Бірақ үлкен жүк көліктерінің өтуінен жолда ойықтар мен жарықшақтар пайда болып жатыр. 

Соның салдарынан көлік дәлізінің қызмет көрсету мерзімі 10-15 жылдан екі үш есеге дейін қысқаруы мүмкін дейді сарапшылар. 

Қазір жол бойында полицейлер жұмыс істеп жатыр. Олардың міндеті – ереже бұзғандарды анықтау. Айдос Бековтың айтуынша, тәртіпке бағынбайтындар күн сайын кездеседі екен.

Айдос Беков, облыстық көлік бақылау инспекциясының бас маманы:

- Бір аптаның ішінде 6-7 көлік болып қалуы мүмкін. Кей жағдайда одан да көп болып қалады. Іссапарға шығамыз, осы аудандар бойынша шағымдармен шығамыз.

Тоқтатылған әрбір көлік тексеріліп, оның салмағы өлшенеді. Жүргізуші Тимур Сәденовтің құжаттары дұрыс, тиелген жүгі талапқа сай болып шықты.  

Көлікке шамадан тыс жүк тиеп тасымалдағаны үшін төлейтін айыппұл көлемі қомақты. 40-80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Қалтаны қағатын қаржы болса да, кейбір жүргізушілер оған мойынұсына бермейді. Сол себепті оларды асфальтпен емес, айналма жолмен жүргізу ұсынылып отыр. Ол үшін жолды белгілі бір мерзімге жүк тасымалдаушылар мен кен орындарын игеретін компания балансына беру керек. Қазір осы мәселеге қатысты жергілікті әкімдік мүдделі тараптар арасында меморандум жасауды жоспарлап отыр.

Шыңғыс Қалиден, Анель Есенбердина, Жігер Бабаканов

Сондай-ақ...