427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысының Амангелді ауданында жабық бассейн ашылды

  • 121
  • UPD: 23:50, 01.06.2021

Мұндай спорт кешені өңірдегі басқа елді мекенде жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бассейнді кәсіпкер өз қаржысына салған.

Қайрат Қабдірашев бала кезінен салауатты өмір салтын ұстанған жан. Қазір ол жастарды еркін күрес және жүзу спортынан жаттықтырады. Су әлемі жаныма жақын дейді ол. Жаңа хауыздың ашылғанына қуанған бапкердің айтуынша, бұл жерде болашақ чемпиондарды дайындауға болады.

Қайрат Қабдірашев, бапкер:

– Бүгін Балаларды қорғау күніне байланысты Амангелді ауданында осындай үлкен бассейн ашылып жатыр. Өте керемет. Жақсы.

Кешенді салу бастамасының авторы – Амангелді ауданының бұрынғы әкімі Әмірхан Асанов. Құрылыс жұмыстарын «Тілеп» қайырымдылық қоры жүргізді. Спорттық кешен барлық заманауи стандартқа сай келеді. Балаларға қолайлы болу үшін киім ауыстыратын және жуынатын бірнеше бөлме бар. Медициналық кабинет те қарастырылған. Жуырда бапкерлер құрамы бекітіліп, жаттығулар ресми түрде басталады.

Талғат Қарбозов, Амангелді ауданының әкімі:

– Балалардың суда жүзу спортымен айналысуына мүмкіндік жасап жатқанына шын жүректен қуаныштымыз. Алдағы уақытта мұндай игі істер жалғасын табады деп ойлаймын. 1 күнде 4 топтан болса, 25 баладан 100 бала дайындауға мүмкіндік болады деп ойлаймын.

«Тілеп» қайырымдылық қорының басшысы Сапар Ысқақов кешен балалардың сүйікті орнына айналады деп санайды. Үрдістің басқа да кәсіпкерлерге үлгі боларына сенеді. Айтпақшы, Амангелді ауданындағы бассейн Сапар Ысқақовтың қолдауымен салынған алғашқы нысан емес. Еңбегі еленген ол ауданның құрметті тұрғыны атанды.

Сапар Ысқақов, «Тілеп» қорының басшысы:

– Әрбір адамға туған жері ыстық. Маған да Қостанай облысы, оның ішінде Амангелді, Жангелді аудандары өте ыстық. Менің туған жерім. Аз болса да қолымның ұшын созып, балаларға осындай ғимарат салғаныма ризамын. Бақыттымын.

Спорт кешені мемлекет қарамағына өткен соң, балалар алғашқы дайындықтарын бастай береді.

Бақыт Есімова, облыс әкімінің орынбасары:

– Осы бастаманы қолдау ретінде меценатымыз, ел азаматымыз Сапар Ысқақұлы бассейнге инвестиция жалдап, тамаша ғимаратты ашып отырмыз. Жастар үшін жағдай жасалады. Және осы ауылдан кетпей, спортпен шұғылданып, дене шынықтырумен айналысады.

Бұл кешенге көрші ауылдың тұрғындары да келе алады. Айта кеткен жөн, Амангелді ауданында қазір 3 мыңнан астам жас тұрады. Көпшілігі аудан орталығында жұмыс істейді.

Мирлан Алтынбек, Динара Абдирова

Хабар 24 телеарнасы