Қызылордадағы тойханалар бизнестегі бағытын басқа салаға өзгертіп жатыр

Індетті өршітпей, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көп адам жинап, той тойлауға, отбасылық дәстүрлі шараларды өткізуге тыйым салынғаны белгілі.

Бұл ретте тойхана бизнесі де тұралады. Пандемияға дейін жүздеген адамға ас беріп, дүркіретіп думандататын зәулім салтанат сарайлары бүгінде жабық тұр. Бұл ретте, қызылордалық рестораторлар тығырықтан қалай шығып отыр?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл дүкен кезінде 300 адамды еркін сыйдыратын тойхана болған. Енді кәсіп иесі бизнестегі бағытын өзгертіп отыр. Сырт елдерден киім-кешек пен түрлі тұрмыстық қажеттіліктерді Арал ауданына жеткізіп, тұрғындарға әдеттегіден арзан бағада сатуды жолға қойған.

Асадбек Кураганов, дүкен әкімшісі:

- Карантин басталғалы тұрып қалған ресторан ғой. 1,5 жылдай болды. Өзіміз бастап, ремонттап, қазір ашып отырмыз. Жалпы 16 адам жұмыс істейді бұл жерде.

Пандемия салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарды қайта жандандыру мақсатында өңірде арнайы даму жоспары әзірленген. Бүгінде Қызылорда облысында 128 тойхана тіркелген екен. Оның 20-сы бизнестегі бағытын басқа салаға өзгерткен.

Гүлсім Жүсіпова, Арал қаласының тұрғыны:

- Аралда түйенің шұбаты бар, сиырдың сүті бар, құрт-ірімшігі бар, соны өткізетін зауыттар салса осының орнына. Әдейі өткізетін қылып, халық соған апаратын. Сөйтіп, адамның пайдасына шешілсе. Оның да еңбегі бар мал асырап отырған.

Нұржамал Көшекбаева, Арал қаласының тұрғыны:

- Балалар спортпен айналысса, клиника, дәріхана қылса, мейрамханадан, тойдан көрі халықтың қажетіне, вирустың кезінде.

Той бизнесі – көптеген кәсіпкерлердің жалғыз табыс көзі емес. Бұдан өзге де кәсіп түрлерін қатар жүргізіп отырғандары бар. «Дегенмен, оларға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау болады», - дейді мамандар.

Нұрлан Шырынбеков, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Алдағы уақытта осы тойхана қызметін басқа салаға ауыстыруға ниет білдірген кәсіпкерлер болған жағдайда «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және өзіміздің тиімді құралымыз «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығымен» қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз.

Айта кетейік, бүгінде Қызылорда өңірі «жасыл» аймақта болғандықтан, тойханаларда 50 адамға дейін ас беру шарасын өткізуге рұқсат берілген.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов