427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысындағы фермер малды дронмен бағады

  • 89
  • UPD: 09:38, 02.06.2021

Жамбыл облысында төрт-түлікті ерекше тәсілмен бағатын шаруа тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фермер мал шаруашылығына кәдімгі дронды пайдаланып отыр. Ұшатын құралдың көмегімен малды әуеден бақылап, қашықтан қадағалайды. Заманауи әдістің арқасында мал басының жоғалуы азайып, еңбек өнімділігі артқан.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Өзі қаламаса да айтайық. 60 жасты алқымдаған шаруа Гауһарбек Шонтаев екінші топ мүгедегі. Алайда мүмкіндігім шектеулі деп отырған ол жоқ. Жаңашылдыққа жаны құмар. Қазір егін егіп, мал бағып отыр.  Бес бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған еңбек адамы.

Гауһарбек Шонтаев, шаруа:

- Жылқыларды бақылайсың. Қайда кетіп бара жатыр. Оның үстіне оларға чип салдырып қойған. Қай жерде жүргенін үйден көріп отырамын да. Сол жаққа тіке мынаны бағыттаймын. Тура сол жерге барады үстіне. Қасында қандай адам кетіп бара жатыр? Машина кетіп бара жатыр ма? Бәрін көріп отырасың. Сосын уайым азайып қалды.

Бүгінде кенже ұлын ата кәсіпке баулып жүр. Кезінде бұл жеткіншектің аузына Шерхан Мұртаза түкіріп, есімін өзі қойыпты. Қазір бозбала 15 жасқа толған. Әкесіне қолғанат.

Таң атысымен төрт-түлікті өріске жібереді. 100 шақты қой-ешкісін, жылқы мен сиырды сырттан дронның көмегімен бақылайды. 10 шақырым жерде жайылып жүрген малды жоғарыдан оңай көреді. «Әсіресе, мал төлдеп қалың шеңгел мен жыңғылдың арасында қалып қойғанда таптырмайтын құрал», - дейді ол.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Міне, анау жайылып жүрген қойлар шамамен шаруа отырған жерден 5 шақырымдай жерде жайылып жүр. Шаруа қойларының қайда жүргенін қашықтан бағып, көріп отыр. Ол міне, мынадай ұшатын апараттың көмегімен малдарының егістікке түсіп кетпеуін немесе басқа бір отарға қосылып кетпеуін қадағалап, бақылап отыр.

Дрон ұры-қарыдан сақтануға да мүмкіндік береді. Төңіректе жүрген бейтаныс адамдарды әуеден жедел анықтап, түсіріп алады. Ал, мал алыстап кеткенде үркітіп алдын қайырғанға да ыңғайлы. «Осының арқасында уақыт үнемделді», - дейді шаруа.

Гауһарбек Шонтаев, шаруа:

- Түнде де көрінеді. Мысалы егісті қарауылдайтын болсаң мал бар ма, үстінен ұшырамыз. Одан кейін жақындап қалса, үркітіп жібереміз. Түсіріп алатыны бар. Видеоға да, фотоаппаратқа да түсіріп алатыны бар. Бұл кәдімгі тікұшақ сияқты болып тұр ғой. Дәл төбесінен түсіреді.

Ұшатын шағын аппарат бірден бірнеше малшының қызметін атқарады. Енді шаруа қорықпай мал басын еселеймін деп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы