Елімізде бизнесті заңсыз тексеретіндер жауапқа тартылады

Лауазымды тұлғаларға қатысты істерді қарау мерзімі бір жылға дейін ұзартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тиісті заң жобасы талқыланды. Депутат Гүлнар Бижанованың хабарлауынша, мемлекеттік орган қызметкерлері арасында кәсіпкерлердің құқығын бұзып, бизнесті жүргізуге кедергі жасау деректері жиілеп кетті. Алайда оларды жауапқа тарту үшін екі-ақ ай беріледі. Бұл уақыт кәсіпкерлер тарапынан түскен шағымдар бойынша тексеріс өткізуге жеткіліксіз. Салдарынан шенеуніктер жазадан сытылып кетеді. Бұған дейін заңды бұзған шенеуніктердің 20 проценті ғана жазасын алды. Сондай-ақ депутаттар жеке меншік нысандарына рұқсатсыз кірген адамдарды әкімшілік емес, қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсыныс айтты. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің мәлімдеуінше, бұл құжат бизнес өкілдерін заңсыз қысым жасаудан қорғайды.