Халық санағы: елді мекендердің атауын өзгертуге уақытша тыйым салынады

Мекенжайлар бойынша деректерді жаңарту, сұхбат алушыларды қабылдау және елді мекендердің атауын өзгертуге уақытша тыйым салу қажет. Үкімет халық санағына дайындалуда.

2021 жылы Қазақстан Республикасында халық санағын өткізу жөніндегі арнайы комиссияның кезекті отырысы Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өтті.

1 маусымда аймақтарда тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайларын жаңарту және оларда тұратын тұрғындарды нақтылау мақсатында сұхбат берушілер елді мекендерді аралай бастады.

Халық санағына дайындыққа шамамен 6,5 мың адам тарту жоспарлануда. Толық санақ құрамы Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Атырау, БҚО, Қостанай, Қызылорда облыстарда жасақталған. Мұнымен қоса, бұл аймақтарда вакцинацияланған сұхбат берушілердің проценті жоғары.

Кездесу қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов бірқатар нақты тапсырма берді. Облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері және Ұлттық статистика бюросы, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, жұмыссыз халықты, ерікті ұйымдарды, студенттерді екпе алғаннан соң сұхбаттасушы ретінде тарту бойынша жұмысты күшейтуі керек.

Полиция департаменттерімен бірге облыстық әкімдіктер халық санағы кезінде санақ қызметкерлерінің қауіпсіздігін жергілікті деңгейде қамтамасыз етуі, сондай-ақ теріс пиғылды адамдардың алаяқтық әрекеттеріне жол бермеуі керек.

Сондай-ақ Ә.Смайылов санақ науқаны аяқталғанға дейін елді мекендердің құрамдас бөліктеріне (даңғылдар, көшелер, аллеялар және т.б.) жаңа атау беру туралы мораторийді сақтауды тапсырды.

Халық санағы кезінде алынған жеке мәліметтер құпия болады және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қорғалатын болады.

«Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шешімдердің тиімділігі алынған мәліметтерге байланысты болады. Санақ нәтижелері мектеп, балабақша, емханаларды салу бойынша бюджетті жоспарлауға және еліміздің әр әкімшілік-аумағында халыққа көлік қызметін ұсыну үшін қажет. Санақ деректері әлеуметтік саладағы, білім берудегі, денсаулық сақтаудағы, тұрғын үй құрылысыдағы және жұмыс орындарын құрудағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда маңызды. Сондықтан, бұл шараның маңыздылығын ескере келе біз бұл науқанды сапалы түрде өткізуіміз керек», - деді Ә.Смайылов.