Б.Атамқұлов: Ақылы жолдарға жаңа тариф енгізілмейді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдарға жаңа тариф енгізілмейтінін айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ жөнделмеген жолдар ақылы болмайды. Министрліктің ресми дерегі бойынша, қазір елдегі ақылы жолдарда жеңіл автомобиль үшін бір шақырымдық тариф – 1 теңге. Ал автобустар үшін ондағы орындық санына байланысты бір шақырымға 5-15 теңге аралығында. Ауыр жүк көлік иелері бір шақырымға 5 теңгеден 25 теңгеге дейін төлейді.

Айта кету керек, Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 25 мың шақырым. Күтіп ұстауға жыл сайын 40 млрд тг жұмсалады.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Көрші елдерде ақылы жүйе бұрыннан бар. Ондағы тарифтік мөлшерлемелер біздің елдегі көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Салыстырып қарайтын болсақ, Ресей Федерациясында жүк көліктері 1 шақырым үшін 22 теңге төлейді. Италия мен Германияда орта есеппен алғанда – 70 теңге. Беларусь Республикасында – 80 тг, ал Хорватияда жүк көлігі үшін жолда жүру 122 теңгені құрайды.

Қазақ жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары ауыр жүк көліктері үшін тарифті 38 теңгеге дейін көтеруді ұсынған болатын. Бірақ министрлік пен салалық ведомство бұл ұсынысты бекіткен жоқ. «Қазір 2013 жылғы тариф қолданылып отыр», – дейді ведомство басшысы. 2025 жылға дейін автожолдардың 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу жоспарланған.