426,64 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Салық пен кеден қызметі балалар көзімен

  • 67
  • UPD: 17:48, 02.06.2021

10 жасар Аруай Мырзахан салық пен кеден жұмысын жан-жануарлар арқылы көрсеткісі келген.

Тіпті ол жемқорларларды да айналып өтпепті. Әрқайсысын аңға, жәндікке теңеген. Әділқазылар баланың қиялына таңқалғандарын жасырмайды. «Бала болса да, ауқымды тақырыптарды қозғаған» дейді. Ал Аруайдың арманы – дизайнер болу. Әзірге ермексаздан бұйымдар жасап жүр. Оның қолынан шыққан әрбір заттың айтар ойы бар.

 Аруай Мырзахан, мектеп оқушысы:

 – Бұл ара. Балын өзі іздеп, тауып, күні бойы жұмыс істеп, еңбек етеді. Бұл аю. Мұны мен жемқор деп алдым. Бұл аралардың балын ұрлап жейді.

Мемлекеттік кірістер департаменті «Бірге даму» үшін деп аталатын байқауды осыдан бір ай бұрын жариялаған. Оған қатысуға 150-ге жуық бала ниет білдіріпті. Нәтижесінде байқау жеңімпаздары 4 аталым бойынша әр түрлі жас ерекшеліктеріне қарай іріктелді. Балалар салық тақырыбына сурет салып, қолдан бұйымдар жасап, бейнеролик, вайн және тик-ток түсіріп жарысты.

Айжан Бекеева, Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы:

– Балалар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін өздерінің атында жылжымайтын мүлік, жылжымалы мүліктері болатын болса, оларға міндетті түрде салық төлеу керек екенін жастайынан білсе екен. Қазіргі таңда соны үйретіп жатырмыз.

Ахат Ахметжан, суретші:

– Маған талдар ұнады. Тима Ким деген 8 жасар қыздың салған суреті қатты ұнады. Жапырағы жайқалған үлкен ағаш салыпты. Оған шәйнекпен су құйған. Суды салық деп көрсетіпті. Сол суды ішкен ағаш көктеп-көгереді. Яғни мемлекет өсіп-өнеді, дамиды деп тұр. Керемет емес пе! Балалардың өзі бізге осылай ой салып жатыр.

Ұйымдастырушылар бұл шараны дәстүрлі түрде өткізіп тұруды қолға алып жатыр. Бала жастан салық төлеу мәдениетін қалыптастырсақ деген ойда. Ал байқауға қатысқандардың ешқайсысы жүлдесіз қалған жоқ. Барлығына сыйлықтар табысталды. Үздік деп танылғандар велосипед, гироскутер және скутер мініп қайтты.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон.

 

 

 

 

деп хабарлайды «Хабар 24».

Хабар 24 телеарнасы