Павлодар облысында шыбын-шіркей мен маса көбейіп, салдарынан үй құстары қырылып жатыр. Қансорғыштар адамдарды да әбігерге салды. Әлеуметтік желі «әкімдік қайда қарап отыр?» деген жазбаға толды. Ол негізсіз де емес. Өйткені алдағы үш жылға жоспарланған бюджетте қансорғыш жәндіктерді жоюға бір жарым миллиард теңге бөлінді. Оның 500 миллионы биыл игерілуі тиіс. Бірақ жұмыс сапасы көңіл көншітпейді.
Александра Борисенко көп балалы ана. Қымбатшылық қыспаққа алған шақта балаларын асырау үшін бақша салып, құс өсіреді. Алайда шіркей шаққан қаз балапандары өліп жатыр. Қалған құсты аман алып қалу үшін құс қораның жанына күні-түні түтін қоюға мәжбүр.
Александра Борисенко, Павлодар ауылының тұрғыны:
- Ештеңе көмектеспейді. Күн сайын құс өледі. Бүгін түнде қаздың бес балапаны өліп қалды. Көп балалы отбасы үшін бұл айтарлықтай шығын. Бір балапан 2100 теңге тұрады.
Ауыл басшылары жұмыс жүріп жатқанын айтады. Тапсырысты орындаушы мердігер ұйымның да атын атап, түсін түстеп берді.
Амангелді Бекмағамбетов, Павлодар ауылы әкімінің орынбасары:
- Шыбын-шіркеймен жұмыс жүріп жатыр. Тапсырыс беруші бізде облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасы. Мердігерлер «Қазақсельмаш». Жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатыр. Бізде осы ауылда 4 рет өңдеу өткізілді. Ертіс жағаларында жүрді, сосын көшелерде термообработкамен жүріп отырды.
Осылайша маса-шіркейлерді жоюға қыруар қаржы бөлген облыс әкімдігі сынның астында қалды. Әлеуметтік желілерде тұрғындардың арыз-шағымы көбейген. Осыған орай облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов шұғыл жиын өткізіп, жауапты мамандардың есебін тыңдады.
Асайын Байханов, облыс әкімінің орынбасары:
- Өңдеу жұмыстары жылдағыдан кеш басталды. Бірінші дезинсекциялық жұмыстар мамыр айының 28-інде, яғни өткен жұма күні кешкі сағат 9-да басталды. Қала ішіндегі аумақтар мамырдың 10-ында басталуы керек еді. Шын мәнінде біз 15-18 күнге кешіктік. Саябақтар, көшелер мен адамдар көп жүретін аумақтар өңделмей қалды. Оның үстіне ауа температурасы 38 градусқа дейін көтерілді. Аптап ыстық жәндіктердің жаппай қанаттануына ықпал етті.
Жұмысты кеш бастауға мердігер ұйымның анықталмауы да себеп болған. Дезинсекциялық жұмыстарға бағытталған 52 миллион теңге бюджетке қайтарылып, облыстық мердігермен қосымша келісім-шарт жасалған.
Мақпал Лепесова, облыстық қоршаған орта, жер қойнауын пайдалану және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:
- Қосымша келісім-шарт жасасқан болатынбыз. Сол келісім-шарт негізінде қалалық аумақтарды «Қазақсельмашстрой» өңдеп, улайтын болады. Жаңағы дезинсекциялық жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында химиялық препарат өзгертілген болатын. Жаңа препарат Францияда жасалған. Фоби деген жаңа препарат. Жалпы тиімділігін бір күн ішінде көрсетті.
Препараттың тиімділігін әзірге қарапайым халық байқаған жоқ. Облыс орталығындағы жағдай бәлкім реттелер. Ал аудан халқы инелік шықпай жағдай өзгермейді деп отыр. Жуырда Май ауданына барған сапарымызда сұхбат жазудың өзі мұң болғанын көзбен көрдік. Қансорғыш жәндіктерге қарсы өңдеу жұмыстарының жалпы көлемі Ертіс өзенін бойлай 1130 шақырымдай жерді қамтиды.
Авторлар: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов