Өскеменде ағаш қурап жатыр: экологтар халықтан арыз талап етті

Өскеменде ағаш қурап жатыр. Уран өндіретін ірі зауыттың аумағындағы қайың мен шыршаның ұсақ бұтағы сарғайып, жапырақтары сола бастаған.

Қанша ағашқа залал келгені  белгісіз. Экология және басқа да құзырлы органдар тексеру жүргізген жоқ. Себебі тұрғындардан немесе қандай да бір қоғамдық ұйымнан жазбаша шағым түспеген. Мамандар өсіп тұрған ағаштардың жаппай сарғайып, зақымдануын өндірістік шығындардан көреді. «Қазгидромет» орталығының құрылғылары өткен бейсенбіде Өскеменде ауадағы күкірт диоксиді шекті мөлшерден 9 есеге асқанын тіркеген. Ағаштардың қуаруы да дәл сол кезге тап келіп отыр. Бірақ талдардың күкірт диоксидінен күйді ма, оған нақты дәлел тағы жоқ.

Елена Полянцева, облыстық экологиялық қауіпсіздік орталығының бас маманы:

- Ағаштардың зақымдануы техногендік әсердің бар-жоғын нақты зерттеу үшін ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға тексеру жүргізу қажет. Ол үшін тұрғындар облыстық экология департаментіне жазбаша шағым жазу керек. Сонда ғана тексеру жүргізуге болады.