«Шарындағы қайғылы оқиғаға байланысты мұғалімдер жазалана ма деп қауіптенеміз».
Алматы қаласындағы мамандандырылған №199 мектеп-гимназиясында оқитын балалардың ата-аналары осылай деп алаңдап отыр. Олар қайта оқушылардың өміріне араша түскен ұстаздарға алғыс айту керек, деп санайды. 29 мамыр күні 5-сынып оқушылары ата-аналары және мұғалімдерімен бірге Шарын шатқалына саяхатқа шыққан болатын. Сол күні кенеттен жауған жаңбырдан кейін сел жүріп, бір оқушы мен бір мұғалімнің өмірін қиып кетті.
Айнұр Тәшімова, қала тұрғыны:
- Ешқандай шағымымыз жоқ негізі. Біз мына жерде ұйымдастырушы, мұғалімдеріміз емес бұл жерде. Мектептің еш қатысы жоқ. Біз өзіміз ата-аналар жылдың аяғында, онлайн сабақ болды, бір-бірін көрсін деп. Балаларды жәй Шарынға демалсын деп шақырған. Бірақ мен баламды жіберген жоқпын.
Динара Демеубаева, қала тұрғыны:
- Ата-аналар өздері шешім қабылдап, өздері сол жерге барамыз деді. Орынды да, автобусты да, күнін де ата-аналар шешім қабылдаған. Оған мұғалімдердің еш қатысы жоқ. Мұғалімдерді шақырдық. Бізбен барсын деп.
Саяхатқа барлығы 20-дан астам адам барған. Олардың 8-і оқушы, 5-уі ата-ана, ал 3-уі мұғалім. Қалған туристер солардың туыстары мен таныстары.