Петропавлда аурухананың көлік жүргізушілері үстеме ақыдан қағылды

Петропавлда аурухананың көлік жүргізушілері үстеме ақы ала алмай жүр. Олар індет кезінде жұмыс істеген.

Шамамен бір жарым ай бұрын жүргізушілер арнамызға хабарласып, көмек сұраған еді. Қаладағы №1 қалалық аурухана былтыр індет өршіген кезде инфекциялық стационар ретінде қызмет атқарған. Сол кезде медициналық ұйым басшылығы жүргізушілерді тек ауызша сендіріп, құжат рәсімдеп, келісім-шарт жасамаған. Салдарынан олар өздеріне тиесілі қаражаттан қағылды. Заң жүзінде сотқа да жүгінді. Дегенмен, судья жәбірленушілердің өтінішін қараусыз қалдырды.

Сергей Шаврин, қала тұрғыны:

- Сот отырысы өтті. Ондағылар алғашқыда барлық құжаттарды қабылдаған болатын. Бірақ күні кеше өтінішімізді қараусыз қалдырды, №1 қалалық аурухана мемлекеттік мекеме емес екенін негізге ала отырып. Бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз. Мәселенің әділ шешілгенін қалаймыз. Өйткені өз өмірімізді қатерге тігіп жұмыс істедік.