Түркияға саяхаттап баратын Қазақстан азаматтары үшін кіру ережесі өзгерді

Түркияға саяхаттап баратын қазақстандықтар үшін кіру ережесі өзгерді.

Енді соңғы алты ай ішінде коронавирустан сауыққан және кемінде 14 күн бұрын екпе салдырған азаматтардан түрік елі ПТР сынамасын талап етпейді. Бұл туралы осы елдің ішкі істер министрлігі хабарлайды.

Министрліктің мәлімдеуінше, екі топтағы азаматтар медициналық мекемелерден анықтама мен вакцинация куәлігін көрсетуі тиіс. Бұл топқа кірмейтіндерде 72 сағат ішінде алынған ПТР сынамасының теріс нәтижесі немесе 48 сағатта алынған антигендік сынама қорытындысы болуы қажет. Ал Ауғанстан, Бангладеш, Бразилия, Оңтүстік Африка, Үндістан, Непал, Пәкістан мен Шри-Ланкадан келушілерден 72 сағат ішінде алынған ПТР сынамасының теріс нәтижесі көрсетіледі. Аталмыш елден келген жолаушылар 14 күндік карантинде болуға міндетті. Ұлыбритания, Иран, Египет пен Сингапурдан келушілерден ПТР сынамасы талап етіледі.

Бауыржан Әлжанов, ҚР Анкарадағы консулы:

- Түркияда Ковид-19 жағдайының тұрақталуына байланысты осы жылдың 1 маусымынан бастап шет мемлекеттерден келетін жолаушылар үшін елге кіру ережелері өзгертілді. Елімізде екі апта ішінде вакцина алған және 6 ай ішінде ковид 19-бен ауырған азаматтардан ПТР сынағын талап етпейді. Осы тұста мынаны ескерген жөн. Аталмыш топтағы отандастарымыз дәлелдемесі ретінде мұны медициналық анықтама немесе екпе куәлігімен дәлелдеуге міндетті. Ал басқа топтағылар ПТР тесті немесе антигендік сынама нәтижесін көрсетуі тиіс. Пандемия уақытында ережелерге жиі өзгеріс еніп отыр. Сондықтан азаматтарымыз шетелге шығар алдында баратын мемлекеттердің келу ережелеріне бір көз жүгіртіп алғандары жөн.