427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Малы қырылған Маңғыстау облысының фермерлері дабыл қағуда

  • 139
  • UPD: 23:00, 02.06.2021

Маңғыстау облысында қуаңшылық салдарынан 3 айда 1400 бас мал қырылып қалған. Биыл жаңбыр жоқ, төрт түлікке талғажау болатын шөп шықпады. Салдарынан жылқы да көп қырылған. Жығылғанға жұдырық демекші, жем-шөп бағасы да шарықтап шыға келді. Құдықтағы жерасты сулары да тартыла бастаған. Осыған байланысты фермерлер аймақтағы жағдайға ерекше назар аударуды сұрайды.

Жер бусанғанда мал төлдегенімен 100-ге жуық төлдің жартысына жуығы қырылып қалған. Ырзабек Атшыбаев шаруаның арқа басы кеңір уақытта шаш етектен шығынға батқанына қынжылады. 10 жыл бойы тірнектеп көбейткен мал басы биыл жайылым жоқтығынан азайып кетті. Енді «қуаңшылықтан мал түгел арам өле ме» деп алаңдайды.

Ырзабек Атшыбаев, шаруа қожалығының иесі:

- Жағдай қиын. 2-3 жылда жауын-шашын болмағасын жердің ешқандай мүмкіншілігі жоқ, малдарда. Шөп өспей жатыр. Үкіметтен де көмек шамалы. Шөп 1 орамы 1800 теңгеден кем емес, кебек 2200-2400 тұрады. Фермерлердің жағдайы сатып ала алмайды. 3-4 жыл бұрын 700 теңге болатын еді, қазір 2 есе қымбатсып отыр. Бүйте берсе, бағып отқан малдан айырылып қалатын түріміз бар.

Былтыр аймақта 5 мың мал қырылған. Ал биыл құрғақшылықтан жылқының 15 проценті, қойдың 14, ал түйенің 4 проценті шығын болды. Енді қалғанын аман алып қалу үшін тез арада әрекет ету керек.

Айгерім Ашықбаева, тілші:

- Жығылғанға жұдырық демекші, шаруаларға судың жоқтығы да қиынға соғып отыр. Қаладан тасып әкелетін тіршілік нәрінің бағасы қымбаттап кеткен. Салдарынан шаруалар күніне 12 текше метр суды пайдалануға мәжбүр. Бұл уақытылы малды суаруға жетпейді дейді олар.

Шаруалар құдықтағы жерасты суларының да тартыла бастағанын айтады. Бұл да айтарлықтай шығын. Сондықтан Үкімет жан-жақты қолдау көрсету керек дейді. Осы мәселеге байланысты өңірде жедел штаб құрылды. Атқамінерлер Ақтөбе облысына аттанып, келіссөздер жүргізіп жатыр. 2 өңір арасында жем-шөп тасымалдауды ұйымдастыру жоспарланған.

Асқар Аққұлов, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары:

- Қобда ауданында тұрмыз. Маңғыстау ауданы мен Қобда ауданы бірге меморандум арқылы жұмыс жасайтын боламыз. Бізге қазір Қобда ауданы 10 мың гектар жерді маусымдық шабындыққа беріп отыр. Маңғыстау облысынан ниет білдіретін кәсіпкерлер болса, осында келіп, барлық мүмкіндік бар, өңірге жеткізуге болады. Техника бар. Әкеліп, сатып алып, жүргізуге болады. Боз, жусан толып тұр.

Ақтөбеден жайылым жерді уақытша алу бойынша келіссөздер әлі де жүргізілмек. Басты мақсат өңірдегі 5 ауданның шаруалары шөпті тікелей ала алатындай мүмкіндік жасау. Сондықтан облыстық қазынадан қаражат бөлу қарастырылуда.

Авторлар: Айгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев

Хабар 24 телеарнасы