Талғар халқы жолдың сапасына шағымданды

Талғар қаласының тұрғындары жолдың жайын айтып шағымданды. 5 жылдан бері түзу жолға жарымай келеміз дейді. Жергілікті әкімдік жыл сайын уәдені үйіп төккенімен жөндеу жасалатын түрі жоқ.

Тау етегінде орналасқан Талғар қаласы Алматыға тиіп тұр. Тұмса табиғаты мен таза ауасы талай ақын, жазушылардың шығармасына арқау болған бұл қалада бүгінде 50 мыңға жуық адам тұрады. Халық саны артқан сайын елді мекенде әртүрлі мәселелер көптеп көтерілетіні белгілі. Бұл жерде жол мәселесі өзекті болып тұр. Талғардың Ер Әжібай көшесінің тұрғындары «5 жыл бойы әкімдіктің есігін тоздырдық» деп отыр.

Рухия Жексекова, Талғар қаласының тұрғыны:

- Осы көшені біз жасатуға 2015 жылы арыз бергенбіз. 2015 жылдан бастап, міне 2021 жылға дейін жасалмай отыр. Өзіңіз көріп отырсыз, жаңбыр жауса батпақ су. Қыста да жүру қиын. Не тазалай алмайсың. Өзіңіз көріп тұрсыз ғой қандай көше екенін. Міне мына жерге су жиналады. Жүруге тізеге дейін батпақ. Балалар школға барады. Жүре алмаймыз.

2015 жылы су және кәріз құбырлары тартылған кезде қазылған Ер Әжібай көшесі сол уақыттан бері жөндеу көрмепті. Аяқ алып жүру қиындап кеткен соң көршілер бірлесіп, тас төгіп тегістеп қойған. Ал көрші көшелердің барлығына 2018 жылы асфальт төселген. Неге батыр атындағы кішкентай ғана көшенің жөндеусіз қалғанын жергілікті тұрғындар түсіне алмай әлек.

Асхат Досжанов, Талғар ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Талғар қаласының мамандары келіп есептейді, өтініш береді. Сол кезде мына төмен жағы есептелмей қалған екен. Солардың өтінішіне сәйкес мына көше кірмеген.

Биыл Талғарда 40 шақырымнан аса жол әртүрлі деңгейдегі жөндеуден өтеді дейді әкімдік өкілдері. Оған бюджеттен 1 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Биылғы жоспарға Ер Әжібай көшесі де кіріпті.

Ермек Толқынов, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:

- Жаңа құжаттардың бәрін көтердік. 2018 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті да ортасында арық болғандықтан 200 метр арақашықтық жасалынбай қалған екен сол кезде. Енді биылғы жылға ол қарастырылып, қаражат бөлінді. Қаражаат май айында ғана отырғызылды. 5 миллион қаражат. Қазір конкурстық процедура жүргізіліп жатыр. Сол конкурс аяқталғанан кейін жөндеу жұмыстары жасалынады.

Сөйтіп, 5 жылдан бері жөндеу көрмеген Ер Әжібай көшесіне биыл 5 миллион теңге бөлініп отыр. Енді мердігер компания анықталған соң тамыз айының соңына дейін жолды жөндеп береміз дейді әкімдік қызметкерлері. 

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев