Елорда іргесіндегі ауылда әлі күнге дейін инфрақұрылым ақсап тұр

Тұрғындар ішер суға, көрер жарыққа жарымай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жаз келсе шаңы бұрқырайтын жолдың жайы бөлек әңгіме. Тіршілік үшін ауадай қажет игіліктерден қалыс қалған жібекжолдық ағайын арнамызға хабарласып, көмек сұрады.

Он мыңнан астам халқы бар Жібек жолы ауылы Нұр-Сұлтаннан онша қашық емес. Бірақ бүгінгі келбетіне қарап, айдалада жалғыз қалған ауыл елестейді. Себебі мұндағы үйлер тіршілік үшін қажет қарапайым су, жарықпен бірдей қамтылмаған. Барының өзі жиі сыр береді дейді тұрғындар.

Райхан Мәтімбаева, ауыл тұрғыны:

- Өте қиын.4-5 метрден қаздық. Қазір бақша бар. 1 жылдан кейін қайтадан қазамыз. Өз басымыз 3 рет қаздық. Судың сапасы өте нашар.

Марғұлан Зәкарин №3 тұрғын үй алабында жер алғанына өкінеді. Себебі 4 жылда инфрақұрылым жөнді жасалмаған. Әкімдік өкілдері 2020 жылға дейін мәселе шешіледі деп ант су ішті дейді. Атқамінерлердің сөзіне сеніп, үй құрылысын да бастаған. Алайда бастады деген аты болмаса, баспана әлі күнге жарым-жартылай күйде.

Марғұлан Зәкарин, ауыл тұрғыны:

- Көп адам есептегіш құрал сатып алды. Жаңа жылға дейін жарық қосып береміз деді. Менің тартқан сымым мынау, жолдың ар жағында баған қойған, ол жақта үйлер жоқ, ал бер жағына қоймаған. Бірақ ертең келіп тексерсе, менің тартып қойғаным дұрыс емес.

Әсіресе, қыста қатты қиналған. Қазір отбасы бітпеген үйдің бір бөлігін ғана паналап отыр.

Марғұлан Зәкарин, ауыл тұрғыны:

– 1 ай жарықсыз болғанда қолданғанбыз. Көріп тұрсыздар, бұзып тастадық. Генераторды 50 мыңға сатып алдым, қолданылған генератор. Көп қолдануға келмейді негізі. Дұрыс қолданбағаннан ба, әйтеуір жанып кетті.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Ауылдағы тағы бір проблеманың бірі – жол жайы. Асфальт көшенің басына ғана төселген. Оның өзінде балаларды мектепке таситын автобустың емін-еркін кіріп шығуы үшін ғана. Ал көшенің соңына қарай асфальттің ізі де жоқ. Тұрғындардың айтуынша, көктемде бұл жер ми батпаққа айналады.

Райхан Мәтімбаева, ауыл тұрғыны:

- Немереміз туған. Жедел жәрдем келмеді. Такси шақырсақ, адрес дұрыс емес. Таба алмайды. Үйде тек екі адам ғана қалдық. Балаларға қиын. Балалар пәтер жалдап, қалада тұрып жатыр. Біз неге мына жерде үй салдық, егер ешқандай жағдай жасамаса.

Қордаланған мәселенің қашан шешілерін ауыл әкімінен сұрауға кеңсесіне бардық. Алайда біз іздеген адам орнында болмай шықты. Округ әкімі Қанат Бегайдарұлы көрші ауылдың күйін күйттеп кетіпті. Онда да сол баяғы ауыз су мәселесі.

Қоңырау да шалып көрдік. Бірден жауап ала алмадық. Есесіне, Жібек жолы ауылында өткен жарты күн ішінде тағы бір проблеманың ұшығын байқадық. Мұнда ұялы байланыс пен интернеттің сапасы да көңіл көншітпейді.

Десе де округ әкімі ауызсу жайын реттеуге тиісті құжат дайындалып, енді тек қаржы бөлінуін күту ғана қалғанды деп ақталды. Ал күнделікті күйбең әбден титықтатқан жібекжолдық ағайынның сабыры сарқылғанға ұқсайды. Егер жақын арада жағдай оңалмаса, аядай ауылды қақ бөліп жатқан тас жолды жабамыз деп бекініп отыр.

Назерке Тоқжан, Ержан Қанапияұлы