Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандардың жағдайы қалай

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандар неге кері көшіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылы жақтан келгендер қатаң климаттық жағдайға төзе алмаса, енді бірі отбасылық жағдайын алға тартып, көштің басын кері бұрған.

Жаңа жерден жайлы баспана алып тұрақтап қалғандары да бар. Мәселен, көші-қон бағдарламасы басталған 4 жылда Павлодар облысының Май ауданына 400-ден аса адам қоныс теуіпті.

Бақытгүл Нұрахметова – көп балалы ана. Май ауданына Алматы облысынан қоныс аударған. Бес баламен 25 жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп жүрген отбасы бағдарлама арқылы көшу туралы шешімді бірден қабылдапты. Жеке баспанам болса деген арманыма Павлодар облысында қол жеткіздім дейді өзі. Жаға үйге айына бар-жоғы 8 мың теңге ғана төлейді.

Бақытгүл Нұрахметова, Көктөбе ауылының тұрғыны:

- Өте қолайлы. Бізге ұнады. Үй көріп тұрғандарыңыздай, биік, кең. Ең бастысы баспана деп ойлаймын. Денсаулық беріп, сол балаларды үйлі-жайлы қылған бізге маңызды деп ойлаймын. Қыс жақсы. Аяз керемет.

Аудандық жұмыспен қамту оратылығының мәліметіне сүйенсек, көшіп келген отбасыларға орташа есеппен бір миллион теңге шамасында субсидия беріліпті. Үй сатып алуға немесе жалдап тұруға қосымша қаржы қарастырылған. Бағдарлама басталған 2013 жылдан бері Май ауданының халқы шамамен 400 адамға өсті. Оның 300-і ішкі көші-қон бойынша халық саны тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден келген. Жүзден астам адам Қазақстаннан тысқары жерлерден келген қандастарымыз екен. Келісімшарт бұзылған жағдайда көмек түрінде берілген қаржы бюджетке қайтарылады.

Өміржан Зілкенов, май ауданы жұмыспен қамту бөлімінің маманы:

- Біздің ауданға биылғы жылы 40 отбасы қоныс аударушылардан, 15 отбасы қандастардан көшіп келу жоспарланған. Дәл қазіргі күні қоныс аударушылардан 3 отбасы көшіп келді, олар былтыр Еңбек бағдарламасымен салынған жаңа үйлерге орналасты. Бұл үйлер жалға берілетін үйлер. Қазір балаларының оқуын күтіп отырған отбасылар бар.

Ауданда тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Көші-қон бағдарламасы жергілікті билікті баспана кезегінде тұрғандарға арнап үй салуға міндеттеді. Биыл халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын үймен қамтамасыз етуге күш саламыз.

Медет Шоқанов, Май ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір екі пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол үйлер бірінші болып пәтер кезегінде тұрған адамдарға беріледі. Оның ішіне 15 әлеуметтік аз қамтылған отбасылар кіреді. Бес көп балалы және жағдайы төмен отбасы бар.

Жыл басынан бері Павлодар облысына мыңға жуық адам қоныс аударды. Екі мың алты жүз адамға квота беру көзделген. Мамандардың айтуынша, жаңа қонысты жерсінбей көшіп кеткендер саны 2-3 проценттен аспайды. Оңтүстіктен көшіп келген отбасылардың жайлы өмірін көрген туыстары да еңбек күші тапшы аймақтарға қоныс аударуға ыңғайланып жатқан көрінеді.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат