Балам жазықсыз қамауда отыр – әділдік іздеген ана

Бір жарым жылдан бері құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүрген Алмагүл Жұртыбаева осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуынша, жол апатына байланысты істе әділ шешім шығарылмаған. Балам көлік тізгінінде емес, артқы орындықта отырды дейді ол.

Алмагүл Жұртыбаева бір жарым жылдан бері баласын ақтай алмай шарқ ұрып шапқылап жүр. Сотпен құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған ол ұлының жазықсыз екеніне сенімді.

Алмагүл Жұртыбаева, айыпталушы Д.Жұртыбаевтың анасы:

- Кінәлі емес адамды кінәлі деп отырғызып қойып отыр. Сұмдық. Барған сайын жүрегім ауырады. Балама жыламайын деп барсам да, ағыл тегіл жасым шыға береді. Өйткені жазығы жоқ.

Қайғылы жағдай 2019 жылдың Кербұлақ ауданының аумағындағы Алматы-Талдықорған тас жолында болды. Жас жігіттер мінген көлік түнгі уақытта трактордың тіркеуішіне соғылған. Соның салдарынан көлік иесі ауруханаға жетпей қайтыс болды. Қалған үшеуі әртүрлі деңгейде жарақат алды. Осы оқиғадан кейін тергеу амалдары басталып, Данияр Жұртыбаев күдікті деп танылған. Жүргізілген істің әділдігіне айыпталушы тарап күмәнмен қарайды.

Айдос Жұртыбаев, айыпталушы Д.Жұртыбаевтың ағасы:

- Бірінші құқық бұзушылық көлікті утилизацияға құртты. Екіншісі сараптамалар сәйкес келмейді. Барлық куәгер қол қойған. Схема толық емес, соған қол қойдыртып алған. Сол жерде видеоға түсіріп жүрген куәгерлер видеода басқаша сөйлеп тұр, кейін басқаша сөйлеп отыр.

Қылмыстық істе нақтылық жоқ деген оның полицей қызметіне де көңілі толмайды. Ал істі жүргізген Алматы облыстық ПД тергеу басқармасының анықтаушысы Қуаныш Нұртаев барлығы заңға сай дейді. Кінәліні анықтауда сараптама қорытындысын негізге алғанын айтып отыр.

Қуаныш Нұртаев, Алматы облыстық ПД тергеу басқармасының анықтаушысы:

- Бізге қажетті барлық сараптаманы жүргіздік. Биологиялық, геномдық экспертиза жүргіздік. Автотехникалық экспертиза жүргіздік. Бүкіл сараптаманы тағайындап, қорытындыларын алдық. Медикотехникалық экспертиза жүргіздік. Ешқандай қарама-қайшылық болған жоқ. Куәгерлердің жауаптары бар. Экспертизамыз бар. Сол себепті күдікті Жұртыбаев Данияр деп танып, сотқа жолдаған болатынбыз.

Дауға айналған істің қалыңдығы төрт томға жетті. Сергелдеңге түскен айыпталушы тарап төрт адвокат ауыстырыпты. Соңғысы – Рымбек Иманғалиев.

Рымбек Иманғалиев, адвокат:

- Кінәлі адамды жауапқа тартпай, кінәсіз адамды жауапқа тарту мақсатында осындай қылмыстық іс әлі күнге дейін тергеліп, шешімін таппай жатыр деп ойлаймын. Тергеу кезінде куәгерлер сұралғанда, басқаша айтқан. Соны сотқа шақыртып, қарама қайшылық жойылып, бірде бір беттестіру жүргізілмеген.

Созбалаңға салынған қылмыстық іске қатысты жақын күндері Кербұлақ ауданының Қоғалы ауылында тағы бір сот отырысы өтеді. Сол кезде көлікте болған үш адамның қайсысы рөлде отырғаны анықталып, іске нүкте қойылуы мүмкін.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов