Сезу арқылы көру: шетелдіктер мойындаған отандық аппараттың өндіріске шығуына не кедергі

Шетелдіктер мойындаған отандық аппаратты өндіріске шығару мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық өнертапқыш зағип жандарға арналған құралды үш жыл бұрын ойлап тапқан. Мемлекеттік тәжірибе сәтті өтті. Бүкіләлемдік банк қаржылай қолдау көрсетті. Бірақ өнім елдегі көзі көрмейтін жандар үшін әлі де қолжетімсіз.

Юрий Лопатин 21 жасында қайғылы жағдайға ұшырап, көз жанарынан айырылған. Содан бері зағиптарға арналған таяғын серік етіп келеді. Бірақ бір жыл бұрын сезуал аппаратын сынау үшін тәжірибеге қатысыпты. Нәтижесінде бір ай бойы ешкімнен көмек сұрамай, үйде де, түзде де емін-еркін жүргенін айтады.

Юрий Лопатин, бірінші топ мүгедегі:

- Мен бірнеше күннен кейін ғимарат ішінде еркін қозғала бастадым. Баспалдақтан көтеріліп, түсіп, бөлмелерді оңай ажырататын болдым. Ешкімге, ештеңеге сүйенбей-ақ, өзің қозғалуың ерекше сезім екен. Шынымды айтсам, қайтадан туғандай болдым. Осы кішкентай ғана құрылғы тезірек қолыма түссе деп күтіп жүрмін.

Юрий ғана емес, тәжірибеге қатысқан 20 шақты адам технологияның тиімділігіне көз жеткізді. Олардың бірі нысана көздеп, мылтық атуға дайындалып жатыр. Түркия, Әзербайжан, АҚШ, Франция, Сингапур азаматтары да оң бағасын берді. Отандық өнімге бүкіләлемдік банк қолдау көрсетті.

БҰҰ да қызығушылық білдірген. Мойынға іліп ап жүретін құрылғы Қазақстанда ғана толық мойындалмай тұр.

Ғалымжан Ғабдрешов, өнертапқыш:

- Бір ай жүргізілген мемлекеттік сынақ барысында оның тиімділігі дәлелденді. Қазір жол картасын әзірлеп жатырмыз. Одан кейін технологияны оңалту ісіне қолдана аламыз. Ең бастысы білім министрлігі әдістемені бекіту үшін 70- бұйрыққа енгізуі қажет болады. Сол кезде тифлопедагогтар балаларды оқыта бастайды. Аппараттың өзі ештеңе бермейді, міндетті түрде орта қажет. Мысалы, адамға конькиді ұстата сап, мәнерлеп сырғана дей алмаймыз. Ол үшін мұз керек, жаттықтырушы қажет. Осының бәрі маңызды.

Отандық көру аппараты зағип жандар ғана ести алатындай дыбыс шығарады. Сол арқылы әрбір нысанның орналасқан қашықтығы, пішіні жайлы хабар алады. Сөйтіп, ол адам алдындағы заттың не екенін бірден сезеді. Көзі осылай көре бастаған оқушылардың спортпен айналысуына, мамандық игеруіне мүмкіндік туады. Оның да қамы жасалған.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Бұл аппараттың көмегімен қазақ тілді оқушылар брайл әліпбиін өзі үйрене алады. Бүгінде елімізде 10 мыңға жуық зағип бала сауат ашуға зәру. Енді мемлекет тарапынан қолдау болса, өндірушілер мен тифлопедагогтар бұл балалардың білім алуына жағдай жасаймыз деп отыр.

Ғалымжан Ғабдрешов, өнертапқыш:

- Бұл жерде еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен блім министрлігінің бірге жұмыс істеуі қажет. Біздің Америка мен Сингапурда серіктестеріміз бар. Мені тәнті еткені, АҚШ-та тифлопедагогтар балаға не керек екенін өздері анықтайды. Әбден зерттейді, кейін министрге ұсынады. Ол жақта, әсіресе, мүгедектерге арналған инновацияның нарыққа шығуына бәрі мүдделі. Ал бізде көзіміз жетіп тұрған дүниені дәлелдеу қиын.

Ғалымжан Ғабдрешовтің өзі де көру қабілетінен айырыла жаздаған. Дәрігерлер қауіптің сейілмегенін айтады. Осылайша өнертапқыш зағиптарға арналған аппарат жасауға кіріскен. Өнім дайын. Бірақ елдегі 160 мыңнан аса мұқтаж жанға арман болып тұр

Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев

Сондай-ақ...