Солтүстік Македония − Қазақстан матчына қатысты келеңсіздік шешілді

Футболдан Солтүстік Македония және Қазақстан арасында ертеңге жоспарланған жолдастық кездесу өтуі мүмкін.

Осылайша, бірнеше сағат бұрын Скопье әуежайында болған келеңсіздік шешілді. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Ермұхаммед Мәулен телефон арқылы хабарлады. Оның айтуынша, отандық футбол федерациясы тарапынан барлық құжат дер кезінде тапсырылған.

Еске сала кеткен жөн, бұдан бұрын делегациямен сол елге ұшып барған әріптесіміз Амангелді Сейітхан футболшыларымызды «Шенген визасын рәсімдемеген» деген желеумен елге кіргізбей қойғанын айтқан еді. Бес жарым сағат жол жүріп келген ұлттық құрама ойыншылары елшіліктер арасындағы түсінбеушілік кесірінен әуежайда төрт сағат кідірді. Олардың тиісті демалысы мен тыңғылықты дайындығына жұмсалуы керек уақыт осылайша текке кетті. Бұл келеңсіздік біздің аяқдопшылардың ертеңгі ойынына өз кесірін тигізуі мүмкін дегенді алға тартады федерациядағылар.

 Ермұхаммед Мәулен, Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы:

− Бір-бірімен хат алмасып, телефон арқылы байланысып Қазақстанның елшілігі мен Македония елшілігі және УЕФА бұл мәселені шешті. Бұл жердегі басты кінә сол елшіліктер тарапынан және Халықаралық футбол федерациясынан да болып отыр.