ШҚО-да тарихи жәдігерлерді тонаушылар көбейген

Қазақстанның шығысындағы ықылымнан сыр шерткен көне қорғандарды тонауға талпынғандар көбейіп барады.

Ескі қалашықты қазып, қазынаға кенелуден үмітті адамдарды байқап қалған Жарма ауданының тұрғындары оларды тоқтатып үлгерді. Шаруа қожалығына тиесілі аумақтағы 200-дей жәдігер нысанды түгел қопаруға бекінген топ құрал-сайманын сайлап келіпті. Тіпті металл іздегіш аппараттарына дейін бар. Шаруалар шу шығарып, жолына кесе-көлденең тұрған соң, заңсыз «экспедиция мүшелері» ол маңнан кетуге мәжбүр болған. «Бірақ оңай олжа іздегендер қайта айналып келетіні сөзсіз», − дейді тұрғындар. Сондықтан құзырлы органдар мәселеге назар аударғаны дұрыс.

Жалпы соңғы 10 жылдықта осындай рұқсатсыз қазба жұмыстарын жүргізу жиілеп кеткен. Алайда, бір таң қаларлығы, заңсыз «археологтардың» жауапқа тартылу дерегі мүлде тіркелмепті.