Жамбыл облысында соңғы аптада 1 мың 800 мұғалім вакцина салғызды. Қазір бұл барлық қала, аудан емханаларында қарқынды жүріп жатыр.
Жалпы, аймақ бойынша 37730 мұғалім бар. Қазір оның 51 проценті екпе алған. Тараз қаласында 2 мың 837 педогогке екпе салынған. Одан кейін Жамбыл ауданында 2 мың 281 адам, Байзақта 1 мың 899, Меркіде 1 мың 824, Шу мен Қордай аудандарында 1 мың 700-ге жуық маман вакцина алды. Ең төменгі көрсеткіш − Талас пен Сарысу аудандарында. Мұнда екпе салғызған мұғалімдер саны мыңнан сәл асады.
Сәбит Кенесариев, педагог:
− Бұл жерде бәрі өз қалауыңмен. Вакцина түрін таңдауға да мүмкіндік бар екен. Өзім салдырдым. Ешқандай ауырып тұрған жоқпын. Алла қаласа, бәріміз осы індетті жеңеміз деп ұстаздарға үндеу саламын. Бәріміз екпе салдырсақ, қыркүйек айында мектептің толық ашылуына мүмкіндік болады деп ойлаймын.
Минәш Абылаева, иммунолог:
− Ұстаздарды вакциналауды наурыздан бастағанбыз. Екінші кезеңге 1 маусымнан бастап келе бастады ұстаздар. Себебі соңғы қоңыраудан кейін келушілер көбейді. Қазір бізде вакцинаның үш түрі бар: «Спу́тник V», «QazVac», «Hayat-Vax». Жеткілікті. Сосын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға екпені үйге барып салу қарастырылып жатыр.