Мыңжылқы шатқалындағы жартастан туристер құтқарылды

2 мамырда Республикалық жедел-құтқару жасағына Мыңжылқы шатқалындағы Бастионға (жартас) қарама-қарсы жартасқа көтеріліп, туристердің өздігінен түсе алмай жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. 

Оқиға орнына РЖҚЖ жедел тобы шықты. Жедел көлікпен шатқалға жеткен құтқарушыла, зардап шеккендерді бірден көрді. Олар 50 градус көлбеудегі жартаста, шамамен 3500 метр биіктікте болды. Сондай-ақ оқиға орнына Алматы қаласының құтқару қызметінің қызметкерлері де келді.

РЖҚЖ құтқарушылары АҚҚ құтқарушыларымен бірге зардап шеккендерге көтерілді. Туристер Шығыс Қазақстан облысынан келген қыз бен жігіт болып шықты. Екеуі де қатты шаршаған, қызда тау ауруының белгілері байқалды. Жастардың киімдері таудағы серуенге арналмаған.

«Екі жедел қызметтің құтқарушылары альпинистік жабдықтардың көмегімен, барлық кедергілерді жеңіп, жастарды арқанмен түсірді. Содан кейін РЖҚЖ құтқарушылары өткел ұйымдастырып, зардап шеккендерді тау өзені арқылы өткелмен көшірді.

РЖҚЖ құтқарушылары жедел көлікпен туристерді қаладағы қауіпсіз жерге жеткізді», – делінген «ҚР ТЖМ РЖҚЖ» ММ баспасөз қызметі таратқан мәліметте.