Қазақстан мен Армения президенттері Ақордада келіссөз жүргізді

Қазақстан мен Армения сауда, білім беру, жаңа технологиялар, тамақ өнімдерін қайта өңдеу салалары бойынша байланыстың көкжиегін кеңейтеді.

Елге жұмыс сапарымен келген Армения президенті Армен Саркисян бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Тараптар қазақ-армян ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар президенттер Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және өзге де халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастықтың келешегін сөз етті. Одан соң жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Армения президентінің осы сапары екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Армения – бізге достас мемлекет. Екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастар ежелден келе жатқан дәстүрлерге негізделеді. Әрине, біз ықпалдастығымыздың бір орнында тұрып қалмай, жаңа мазмұнмен толыға отырып, дамуына мүдделіміз. Сондықтан екі ел үкіметі мен нақты салалық ведомстволары осы мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр.

 Қасым-Жомарт Тоқаев Армения үкіметі делегациясының жуырда елге жасаған сапарының қорытындыларын оң бағалады. Сөйтіп, осы ықпалдастықтың жақсы қарқынмен жалғаса беретініне сенім білдірді. Өз кезегінде Армен Саркисян Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Армен Саркисян, Армения президенті:

– Мен үшін Қазақстанға келу – өз үйіме, достарыма келгенмен бірдей. Өзіңіз айтқандай, халқымыздың арасындағы қарым-қатынас өте жақсы және оның тарихи тамыры өте тереңде.