СҚО-дағы Бескөл ауылында 130-дан астам адам ауыз судан уланып қалды

Жүзден астам адам ауыз судан уланып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Петропавлдың іргесіндегі Бескөл ауылының тұрғындары ластанған су ішкен. Оларға дәрігерлер анықталмаған энтеровирустық инфекция диагнозын қойып отыр. 18 азамат қазір арнайы бөлімшеде ем қабылдап жатыр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Шелектегі мына су үйдегі краннан аққан. Сап-сары лайланған суды көрген тұрғындардан маза қашты. Қазір халық тіршілік нәрін дүкеннен сатып ішуге мәжбүр.

Өзбек Тастамбеков, Бескөл ауылының тұрғыны:

- Өзіміз әлгі бет жууға да қорқамыз, тісімізді де жууға қорқамыз. Тіпті ана бау-бақшаға жеміс-жидекке құюға да қорқамыз. Ертең сол жеміс-жидек арқылы өзімізге тарап кете ме дейміз. Қазір суды біз дүкеннен сатып алып ішіп отырмыз. Мынау түкке жарамайтын су.

Бескөл ауылы тұрғындарының жаппай дертке шалдыға бастағанына бір апатадан асты. Көбінің дене қызуы көтеріп, диарея белгілері байқалады. 130-дан астам азамат дәрігер көмегіне жүгінген. Қазір 18 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның 17-і бала.

Болат Бажатов, Бескөл ауылының тұрғыны:

- 4 күн бойы ауырдық қой, сенбіден бастап, міне. Іштің ауруы болды. Балалар енді құсты. Үлкен кісілердің іштері ауырды.

Қала іргесінде орналасқан ауылдың 15 мыңнан астам халқы бар. Елді мекенді сумен қамтып отырған кәсіпорын басшысы: «Адамдар басқа заттан уланып отыр», - деп ағынан жарылды.

Қайырбек Нұралин, серіктестік басшысы:

- Кола дейді, сосын анадай колбаса арзан, сосын түрлі пакеттер сондайлардан да болуы мүмкін. Біз беріп жатқан судың сапасы бар.

Судың сапасын анықтау үшін эпедемиологтар оның құрамын тексерді. Қорытындысы да дайын.

Жангелді Ыбыраев, Қызылжар ауданының бас мемлекеттік санитар дәрігері:

- Есіл өзені мен үйдегі судан сынама алып, зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде оның бактериологиялық көрсеткіштері бірнеше есеге артқандығын анықталды. Яғни, бұл дегенеміз, ауыз су ластанған. Қазір қосымша сараптама тағайындадық.

Бүгінгі күні Бескөл ауылындағы су құбырының 30 шақырымы әбден ескірген. Бар ауру содан тарауы мүмкін деген болжам жасалып отыр. Биыл оның 17 шақырымын ауыстыру жоспарланған. Ол үшін шамамен 800 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Бірақ жұмыстың қашан басталатыны әзір белгісіз. Ал халықтың жаппай улануына байланысты прокуратура қылмыстық іс қозғады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов