Ресейдің жылу электр станциясы Қостанай облысының экологиясын ластап жатыр

Ресейдің Троицк жылу электр станциясы Қостанай облысының экологиясына нұқсан келтіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорын өндіріс қалдықтарын Шұбаркөл көліне төгеді. «Ресейліктер тиісті талаптарды дұрыс сақтамай келеді», - дейді Қарабалық ауданының тұрғындары. Айдынға төгілген күл әуеге де ұшып, қоршаған ортаны ластап жатыр. Бұл әсіресе, сол маңдағы Сарыкөл және Котлованный ауылына қиын болып тұр.

Күні кеше жауған жаңбырдан Светлана Бусыгинаның бақшасы жайқалып тұр. Әдетте күн ыстықта немесе жел тұрғанда еккен көшеттеріне күл жабысып, айнала ақ түске боялатын.

Светлана Бусыгина, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

- Бау-бақшадан да береке жоқ. Дұрыс өнім болмағандықтан, қымбат тыңайтқыштар сатып аламын. Оның өзі де мол шығын.

Сарыкөл – болашағы зор ауылдардың бірі. Өткен ғасырда ауыз су, көгілдір отынмен қамтылған. Бірақ қазір тұрғындар бұл жерден көшіп кетуге асық. Бұған экологиялық жағдайдың нашарлауы себеп. Елді мекеннен он шақырым жерге күл үйіндісі төгіледі.

Гуля Әлиева, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

- Қатты жел тұрса, күл кәдімгі қыстағы қардай борайды. Жуған киім-кешекті далада кептіргенде әуре-сарсаңға түсеміз. Күл жабысып, қайтадан кір боп қалады.

Любовь Строк, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

- Далаға шықсақ, деміміз тарылады. Көбі онкологиялық дертке шалдыққан. Қалдық төгетін көлдің көмілмегеніне екі жыл өткен шығар.

Күл ауылға Шұбаркөлден ұшып келеді. Су айдынының аумағы екі мың гектарға жуықтайды. Соның 75%-і Троицк жылу электр станциясы жаққан көмірдің күлімен бітелген.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Мына тосқауыл бекетінің ар жағында Шұбаркөл су айдыны орналасқан. Сол жерге 40 жыл бойы Ресейдің Троицк электр станциясы күл үйіндісін төгіп келеді. Су айдынының қазіргі жағдайы қандай? Экологиялық апат төніп тұрған жоқ па? Бұл бізге өкінішке қарай беймәлім. Ал аумаққа өтіп бұған көз жеткізу үшін ресейлік тараптың рұқсаты қажет. Бізге бұған қол жеткізу мүмкін болмады.

Шұбаркөл үш секцияға бөлінген. Қазір ресейліктер екі аумақты күл үйіндісімен толтырып, топырақпен жапқан. Ал 20 млн тонна болатын үшіншісіне көмір қалдықтары әлі төгіліп жатыр.

Қайрат Салмағамбетов, Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір ол 30-40%-ке толды. Бұдан кейін де ол жерде жұмыстар жүргізіледі. Ресей мен Қазақстан арасында жасалған келісім бойынша солтүстік көршілеріміздің Шұбаркөлді игеру жұмыстарын 2028 жылға дейін жүргізуге құқы бар.

Бұндай келісімге ауыл тұрғындары түбегейлі қарсы. Олар шағымдарын жергілікті билік пен экологтарға жеткізіп, тексеру жүргізуді талап еткен.

Қуаныш Елеусінов, Бас мемлекеттік экология инспекторы:

- Көлдің, ауылдардың ауа және топырақ сынамасын алдық. Троицк жылу электр станциясының ауаны шектен тыс мөлшерде ластауы анықталмады. Қазір үшінші секциясы топырақпен консервацияланған жоқ. Жұмыс жалғасып жатыр.

Тексеру сапасына сарыкөлдіктердің көңілі толмайды. Енді олар Экология министрлігінің жан-жақты зерттеу жүргізуін талап етіп отыр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров