Ақтөбе өңірінде жұлдызқұрттың кесірінен жасыл желек жойылып барады

Родниковка ауылы маңындағы орман күн санап селдіреп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ағаштарға жұлдызқұрт жабысып, жасыл-желекті шетінен отай бастаған.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Осыдан бір апта бұрын жасыл желекке көмкеріліп тұрған бұл орманның ағаштарында бүгінде тек бұтақтары ғана қалған. Мынадай жұлдыз құрттар жапырақтарын жалмап келеді. Егер осылай жалғаса берсе, тұрғындар тіпті орманымыздан айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы.

Тал-теректің жалаңаштанғанын бірінші болып жергілікті орманшы байқаған. Тұрғындардың сүйікті демалыс орнын әлсін-әлсін тексеруді әдетке айналдырған маман бірден құзырлы орган өкілдеріне хабарласып, дереу шара қолдануды өтініпті.

Қуантқан Тастыбаев, орманшы:

- Бірінші рет бұл осындай көріп тұрғаным. Бұрын мұндай болмаған. Бір жетінің уақытында осындай жапырақтарын жеп тастап жатыр. Бүгін жаңағы Мәртөктен келіп комиссия қарап, түсіріп, құрттың нелерін алып кетті. Барып тексереді, кейін оны улайды ма, мен білмедім.

Мамандар бұл жәндікті жібек көбелектің құрты дейді. Ауа райы құрғақ әрі ыстық уақытта тез тарайды. Ақтөбе өңірінде соңғы рет осыдан он бес жыл бұрын болған. Қазір облыста зиянкестердің екі ошағы анықталып отыр. Шамамен 4 гектарға жуық жерді қамтыған. Сондықтан дереу улау қажет. Ал, ол үшін шағын авиацияның көмегіне жүгінбесе, басқа әдістерден нәтиже мардымсыз болады. Алайда орман шаруашылығының бюджетінде бұл мақсатқа қаржы жоқ боп шықты.

Роман Титов, орман шаруашылығы инженері:

- Бұған дейін бюджетте улауға қаржы қарастырылмағандықтан, қандай шара қолданарымыз белгісіз. Дегенмен, тиісті басқармалар мен инспекцияға хат жолдадық. Республикалық бюджетке ғана иек артуға тура келеді.

Зиянкестерді жаңбыр жауып, күн суытып, табиғаттың өзі тоқтатпаса, құзырлы орган өкілдері шарасыз сыңайлы. Себебі 2-3 күн ішінде құрттар дернәсілге айналып, удың өзіне ырық бермей кетеді. Сондықтан Родниковка ауылы маңындағы орманның жайы не болары белгісіз. Ал, мамандар келешекте жасыл желекті аман сақтау үшін қанаттылардың санын көбейтуге кеңес береді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков