Алматы облысында тұрғындар кен орнына барар жолды жауып тастады

Алматы облысындағы Кербұлақ, Ұйғыр, Панфилов ауданының тұрғындары цемент зауытының кен орнына барар жолын жауып тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиналғандар жүк көліктері Сарыөзек – Көктал бағытындағы республикалық маңызы бар асфальт жолдың ойранын шығарды деп наразы. Көпшіліктің зауыт басшылығы мен «Қазавтожол» ұлттық компаниясына өз айтары бар.

«Сарыөзек-Көктал» бағытындағы жолдың жай-күйі үш ауданның тұрғындарын біріктірді. Бас қосып, өзекті мәселені көтергендер асфальттың бүлінуін ауыр жүк көліктерінен көріп отыр.

Құрманғазы Насыров, Кербұлақ ауданының тұрғыны:

- Он тонналық КамАЗ жүрсе, ештеңе емес қой. 40 тонна. Алпыс тонна басып алады керек десе, 40-45 басып алады. Болды сосын. Жолдан не қалады, асылып қаламыз кейде.

Екі ауданды байланыстыратын республикалық маңыздағы жол кеңестік кезеңде салынған. Ауыр салмаққа есептелмегендіктен шыдас бермей ойылып, кей жерлері көтеріліп жатыр. Сол себепті жеңіл көлік иелері «жүруден қалдық» дейді.

Қанат Шепенов, жүргізуші:

- Енді қазір бір 40-50-пен жүреміз. түнде 20-мен жүреміз. Екі орта 80 шақырым. Екі-үш сағат жүреміз. Сарыөзектен Басшиге дейін. Жолды білмейтін адамдар ұрынып жатыр. Картерін тесіп жатыр. Білетіннің өзі теседі. Кебіреулер жолдан шығып кетіп жатыр.

Ерлан Жұмәділов, көлік жүргізушісі:

- 4,5 мың халық тұрады Басшиде. Арғы жақта Жаркент бар, мына жақта Қоғалы бар. Қаншама халық қиналып отыр.

Сарыөзек – Көктал бағытындағы жолдың 30 шақырымы екі жыл бұрын жөнделуі керек еді. Ол үшін қазынадан қомақты қаржы бөлінген. Алайда мердігер мекеме құрылысты бастағанымен, істі аяқсыз қалдырды. «Қазавтожолға» қатысты мәселе болса да, жүргізушілер ол туралы аудан әкімінен сұрап білді.

Блиц 1:

- Былтыр төрт шақырым ба асфальт салды. Салып жатып үгітіліп кетті. Битум жоқ. Соны мысалы ешкім тексерген жоқ.

Блиц 2:

- Айыппұл салынды. Ол 30-30 шақырым ортасы. Ол жерде «Қазавтожол» әлі күнге дейін соттасып жатыр.

Өндіріс орнының отыз шақты жүк көлігі күніне үш реттен ақтас тасиды. Сонда тәулігіне шамамен 150 автомобиль қатынайды. Жолдың бұзылуына солардың ықпал еткенін зауыт өкілдері де ішінара мойындап отыр. Сол себепті олар қаржы қарастырып мың шаршы метр асфальтты қалпына келтірмек.

Болысбай Момбаев, цемент зауытының өкілі:

- «Қазавтожолдың» шешімімен «мынау сендердің кінәләрің» деп анықтап берді. Біз сол анықтама бойынша 80 млн ақша аударып береміз. Оның сыртында өзіміздің техникамен көмектесеміз. Біздікі 8 шақырымда зауыт тұр, 8 шақырымнан 43 шақырымға дейін.  

Нұрлан Әденов, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары:

- 43 шақырымнан 68 шақырымға дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. Оған да байқау ашылған. Тапсырушысы «Қазавтожол» ұлттық компаниясы. Бүгінгі күнге мердігер анықталды. Бүгін-ертең келісімшартқа отырады. Содан кейін процедуралар бар.

«Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкілдері көпшілік жиналған жерде болмады. Жауаптылармен телефон арқылы сөйлестік. Олар Сарыөзектен Қорғасқа дейінгі жол құрылысы бірнеше жылға жоспарланып отырғанын айтты. 

Өмірзақ Ерімбаев, «Қазавтожол» ҰК АО филиалы директорының орынбасары:

- «Нұрлы жол» деген бағдарламасы бар. Соған кіріп отыр. Жылдарға бөлініп, 2025 жылға дейін аяқталуы керек.

Алтынемелдің асуында қаңтарылып тұрған жүк көлігінің жүргізушілері түстен кейін ғана жұмыстарына кірісті. Ал, жиналғандар бір айда құрылыс басталмаса, республикалық маңыздағы Сарыөзек – Көктал бағытын жабуға уағдаласып тарқасты.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов